Жыл басынан бері неше теңге зейнетақы төленді?
2 млн 305 мың адамға 2 трлн 200,8 млрд теңге берілді
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 200,8 млрд теңге зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 675,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 525,6 млрд теңге қарастырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елімізде 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 305 мың адам. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 120 937 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы – 37 865 теңге.
«2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр зейнеткерге жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2% артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ы болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушының жүйеге қатысу мерзімі бір ай болады», – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінiе, осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.