Ақсу ферроқорытпа зауытындағы штабта 34 адам жұмыс істейді
Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытындағы газ қауіпсіздігіне жауапты бір топ қызметкер жалақысының аздығын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдады.
2019 жылы Ақсу ферроқорытпа зауыты құрамынан шығарылып, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы қатарына қосылған қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі қиындай түскен. 20-ға жуық қызметкер бой көрсеткен видеоүндеуде мердігер компанияның қарамағына өткелі айлық көлемінің 35-40 пайызға дейін қысқарғаны айтылды.
«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы басқаруына өткеннен бастап жұмыс істеу қиындай түсті. Басшылық сөзімізге мүлде құлақ аспай, бізді «шағымданушылар» деп атайды. Қазір 130 мың теңге айлыққа өмір сүру мүмкін емес. Бәріміздің бала-шағамыз, несие, ипотекамыз бар. Сондай-ақ, жыл сайынғы еңбек демалысына шығу кезінде міндетті төлемдер дұрыс есептелмейді. Осының барлығын орталық штаб басшылығына, бірқатар мемлекеттік мекеме өкілдеріне, ERG мен «Қазхром» компаниялары басшылығына бірнеше рет айттық. Өзгеріс жоқ. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізден осы мәселенің анық-қанығын саралап, тиісті шара қолдануыңызды сұраймыз», - дейді бір топ құтқарушы.
Аталған мәселе бойынша мердігер кәсіпорынның облыстағы өкілдігіне хабарластық. Филиал директорының орынбасары Жәдігер Текжанов жақын күндері орталық штаб өкілдерінің еңбек ұжымымен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ асатынын айтты.
«Ақсу ферроқорытпа зауытындағы штабта 34 адам жұмыс істейді. Олар кәсіпорындағы газ қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Ал қызметкерлердің айлығы, еңбек демалысына шыққан кезде берілетін ақысы – барлығы орталық аппарат басшылығымен келісіледі. Әлеуметтік желілер арқылы ел президентіне үндеу жариялағандықтан, бұл мәселе республикалық штаб басшылығының тікелей бақылауында болып, ұжыммен кездесу ұйымдастырылмақ», - деді Ж.Текжанов.
Ал Павлодар облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов бұған дейін де жұмысшылар мен республикалық орталық штаб басшылығы арасында түсініспеушілік туындағанын атап өтті.
«Былтыр желтоқсан айында Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек ететін бір топ құтқарушы айлығының аздығы мен еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты жазбаша түрде шағым түсіріп, соның негізінде қаңтар айында тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жұмысшыларды жеке қорғаныс заттарымен қамтуда олқылықтар бары анықталды. Содан соң жағдай реттеліп, ақпан айында жалақысы 10 пайызға артты. Ал соңғы бір ай дерегінде қызметкерлер тарапынан ешқандай шағым тіркелген жоқ. Қазір жұмысшылардың қоятын талаптары өзгеруі мүмкін, бірақ біз үндеу негізінде тексерісті бастай алмаймыз», - дейді А.Қапанов.
Зауыттағы газ қауіпсіздігіне жауапты жұмысшыларғ тек үндеумен шектеліп қалмай, жергілікті еңбек басқармасына тағы да шағым түсіруге тура келеді.