Halyq Uni логотип
×

Шымкентте алаяқтықпен тапқан ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындады

 Динара Амантай 18.09.2023 | 11:30
Шымкентте алаяқтықпен тапқан ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды
Фото: Halyq Uni

Шымкентте алаяқтықпен тапқан ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Абай аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданған. Ол өз арызында интернеттегі ақшасын 10 күнде 50% көбейтуге уәде берген жарнамаға сеніп қалғанын жеткізді. Жәбірленуші алған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын 10 күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есепшотына 1 млн 290 мың теңге аударым жасатып, ізін суытқан. Уәде етілген мерзім өткен соң, күдікті телефонға жауап бермей, із-түзсіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басы, Түркістан облысының 27 жастағы тумасы екендігі анықталды. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды, – делінген хабарламада.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сәйкесінше, сот оған қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама