«Жолаушылар да шындықты білуі керек». Министр Алматы мен Астана арасын жалғайтын жолды тексерді
Марат Қарабаев мердігер ұйымдармен кеңес өткізді
Кеше Көлік министрі Марат Қарабаев Құрты ауылынан Астана қаласына дейін «Алматы – Екатеринбург» республикалық маңызы бар жолды автокөлікпен жүріп өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жұмыс сапары барысында Марат Қарабаев «Құрты-Бурылбайтал», «Балқаш-Бурылбайтал», «Қарағанды – Балқаш» учаскелерін қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексеріп, құрылыс мердігерлерімен жиындар өткізді.
Министр қасына Көлік комитетінің басшысы Т. Абдуллин және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы М. Қасымбаевты ертіп, «Құрты – Бурылбайтал» учаскесіндегі жұмыс барысымен танысты. 2017 жылы басталған жобаны Todini Construzioni Generali, «СинеМидасСтрой» СП, «Синохайдро» және KLV Inşaat Anonim Şirket компаниялары іске асырып жатыр. «Құрты – Бурылбайтал» жобасының жалпы ұзындығы 228 шақырым болады. Жаңа асфальт бойынша қозғалыс 192 шақырым ашық, ал жыл соңына дейін І-Б санатты жол сегментінің бүкіл ұзындығы бойынша көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұдан әрі министр «Балқаш – Бурылбайтал» учаскесін қайта жаңарту барысын қадағалды. Жоба «Синохайдро», «Колин»/«СинеМидасСтрой» СП, «Тодини», «СМС», «КФАО «Синохайдро» және «Синохайдро» Бюро 16» арасында 6 жергілікті учаскеге бөлінген. Учаскенің жалпы ұзындығы – 288 шақырым. Оның ішінде I-Б санатты жолдың 179 шақырымында қозғалыс ашық. Жоба бойынша жұмыстар 2019 жылы басталған, алайда бұрынғы мердігерлермен жасалған келісімшарттар 2019-2020 жылдары дұрыс жұмыс істемеуіне және келісімшарт талаптарының орындалмауына байланысты тоқтатылды.
Сондай-ақ Марат Кәрімжанұлы «Қарағанды – Балқаш» жолының учаскесін тексерді. Онда CITIC Construction Co. және «СинеМидасСтрой» СП компаниялары басталған жұмыстарды аяқтап жатыр. Қозғалыс 4 жолақты жолдың 363 шақырымының 313-інде ашық.
Айта кетерлігі, құрылыс нысандарына барған кезде Марат Қарабаев мердігер ұйымдармен кеңес өткізді. Оларға шарттық міндеттемелерді сапалы орындау тапсырылды.
Егер көрсетілген мерзімдерден артта қалған жобаларыңыз болса, бұл туралы бірден айтыңыздар. Біз де, жолда жүретін жолаушылар да шындықты білуі керек. Алайда бұл себеп-салдарын түсіндірдік деп, ары қарай жайбарақат жүруді білдірмейді. Егер сіздер құрылыс мерзімдерін соза берсеңіздер, біз заң аясында тиісті шаралар қолданамыз, тіпті шартта көрсетілгендей, айыппұл саламыз. Бәріне дайын болыңыздар, – деді Марат Қарабаев жол бойында өткізілген жұмыс жиналыстарының бірінде.