Министр мен Ақмола облысының әкімі өңірдегі су мәселесін бірігіп шешпек
Жобаға 330 млн теңге бөлінді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі су мәселесін бірігіп шешпек, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары барысында министр мен Марат Ахметжановпен бірге Егіндікөл ауылынан «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ МКК «Степняк» АҚ-ға дейін және Сабынды ауылына дейінгі магистральдық су құбырларын қайта жаңарту барысымен танысты.
Ұзындығы 337 шақырым болатын су құбыры Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтау көзі болып саналады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Жоба 4 кезеңге бөлінген.
Басты міндетіміз – осы жылдың соңына дейін Қорғалжын ауданы Сабынды ауылының басты құрылыстарынан Егіндікөл ауылына дейін шамамен 68 шақырым және Егіндікөлден «Степняк» АҚ-ға дейін 16 шақырым магистральдық желілерді реконструкциялау. Ақмола облысының әкімімен бірге біз жұмыс барысын қарастырдық. 2024 жылы екінші және үшінші кезеңдерді іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде басты құрылыстарды ауыстыру және құбырларды тазалау бар, – деді Нұржан Нұржігітов.
Марат Ахметжанов бұл жобаны іске асыру президенттің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Алдымызға 2025 жылға дейін халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Мен желілерді қайта құру бойынша жұмыстардың барысы туралы күн сайын видео есеп аламын. Биыл облыста сумен жабдықтау бойынша барлығы 48 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, – деді Ақмола облысының әкімі.
Бүгінде Bertysconstruction және «Көкшетаугидрогеология» компанияларының күшімен жұмыс бір уақытта басталып, екі бағыттан жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыруға 330 млн теңге бөлінді.
Еске сала кетсек, су құбырының жиі жарылуы салдарынан Егіндікөл ауданына ауыз су мүлде келмейді. Биыл мамырда ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп, жақын маңдағы аудандардан елді мекендерге күнделікті су жеткізуге мәжбүр болды.