Алматыда оқушылар сыныптастарын қорлап, мұғалімнің көзінше порно көрген
Желідегі жазбадан кейін тиісті мекеме әкімшілік іс жүргізуді бастады
«Немолчиkz» қорының басшысы Дина Смаилова Facebook-тегі парақшасына Алматыдағы жекеменшік мектептердің біріндегі буллинг туралы жазды.
Бұл сұмдық жағдай мектепте тәртіп, құрдастарының құқықтары мен шекараларын құрметтеу дегеннің жоқ екенін айқын көрсетеді. Видеоны жіберген әйел бірнеше баланың, оның ішінде өз ұлының да сыныптастарының қорлауына ұшырағанын хабарлады, - дейді құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, жәбірленген оқушы басқа мектепке ауысып кеткенімен, әлі күнге дейін онымен психолог жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал оны қорлаған сыныптастары сабақ кезінде компьютерден порнографияны да ашықтан-ашық көріп отырған. Ата-аналар сол сәттегі видеоны көрсеткенде, мектеп басшылығы «бұл – қиын балалар» деп дәрменсіз күйде жауап беріпті.
Сондықтан құқық қорғаушы БҒМ Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Раиса Шерден жаңа лицейдегі білім сапасын тексеруді сұрап отыр. Айтуынша, аталған видео 2022 жылдың қаңтарында 10-сынып оқушыларының кабинетінде түсірілген. Бірақ ол енді тарағандықтан, ел назарына қазір ілігіп отыр.
Дина Смаилованың жазбасынан кейін Алмалы ауданының прокуратурасы осы дерек бойынша Алматы қаласының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне ұсыныс енгізген. Қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша департамент әкімшілік іс жүргізуді қолға алды.