Жәбірленушілерге 13 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген
Өскеменде алаяқ косметолог сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өскемен қаласының №2 сотының мәліметінше, алаяқтық жасағаны үшін, сенімге қиянат жасау арқылы бірнеше рет бөтеннің мүлкін жымқырған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сотта анықталғандай, косметолог болып жұмыс істеген әйел салон клиенттеріне жылдық жазылымды сатып алуды ұсынып, жеткілікті қаражаты болмаған жағыдайда банктен несие алуды ұсынған. Оған сенген клиенттер келісіп, өз ұялы телефондарына банк қосымшасын жүктеп, оған тіркелген. Онлайн тәртібімен несие алу кезінде әйел клиенттерді алдап, қажетті ақшадан артық несие алып, артық соманы өзінің шотына аударып отырған.
Алаяқтың қылмыстық әрекеті салдарынан 12 жәбірленушіге 13 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Басты сот талқылауында прокурор мен сотталушы арасында кінәсін мойындау түріндегі процестік келісім жасалды. Жәбірленушілер процессуалдық келісім жасауға келісті. Сот процестік келісімде көрсетілген жазаның түрімен және мөлшерімен келісе отырып, азамат М.-ді кінәлі деп танып, пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.