Сондай-ақ елде болу ережелерін бұзған 200-ден астам шетелдік жауапқа тартылды
Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген ресейлік Алматыда ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласындағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру және ҚР көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау мақсатында 11 қыркүйек пен 30 қыркүйек аралығында «Жалдамалы» іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның 4 күнінде 695 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, ҚР болу ережелерін бұзғаны үшін 209 шетелдік жауапкершілікке тартылса, шетелдіктердің ҚР болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 122 қабылдаушы заңды және жеке тұлғаға айыппұл салынды. Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 206 шетел азаматы ПД-ның қабылдап-таратуына орналастырылды. 34 шетелдік сот шешімімен Қазақстаннан шығарылды, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сондай-ақ Алматы полициясының қызметкерлері жедел іс-шара барысында Ресей Федерациясы Самара облысының полицейлерімен іздеуде жүрген 1992 жылы туған Ресей Федерациясының қылмысқа қатысы бар азаматын ұстады.