Павлодарда есірткі сатумен айналысқан шетелдіктер ұсталды
Аталған дерек ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1,5-тармақтары бойынша тіркелді
Павлодарда есірткі сатумен айналысқан шетелдіктер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала прокуратурасы бастамашылық еткен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері 1987 жылы туған Түркия азаматын ұстаған. Одан ақ түсті ұнтақ заты бар полиэтилен пакет тәркіленді.
Ұсталған адамның телефонын тексеру барысында есірткі салған 2 орын анықталды. Онда ұнтаққа ұқсас заттары бар 2 пакет алынды. Сонымен қатар ұсталған адамның үйін тінту барысында есірткі салынған орауыш материал және «мефедрон» есірткілік заты салынған пакет тәркіленіп, олардың тегі сараптамамен расталды.
Бұл факті СДТБТ-да ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1,5-тармақтары («Адамдар тобының алдын ала сөз байласу, ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасаған психотроптық заттардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау») бойынша тіркелген. Тергеу сотының санкциясымен шетелдік 2 айға қамауға алынды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір бұл іс бойынша сыбайласы 1982 жылы туған Ресей Федерациясының азаматы ұсталды. Оған қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.