×

«Өзімізді өртейміз»: Елордада театр қызметкерлері бір жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр

Белгілі болғандай бір жер телімінде екі үй салынған

 Айнұр Шошаева 12.05.2022 | 19:52
Фотолар: Halyq Uni

Елордада театр қызметкерлері төрт ай бұрын пәтер кілтін алып, дайын үйге кіре алмай жүр. Олар бүгін мәселе бір айда шешілмесе, тұрғын үй кешенін заңсыз иемденіп алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

2021 жылы елорда әкімдігінде тұрғын үй кезегінде тұрған 297 азамат «Тілендиев» ТК ары қарай сатып алу құқығымен арендалық баспана бағдарламасына іріктелген. 2022 жылдың 6 қаңтарында аталған тізімдегі азаматтарды әкімдіктің Тұрғын үй басқармасына шақырып, салтанатты түрде пәтер кілтін табысталды. Алайда тұрғындар кілтті алған төрт айдан бері жаңа баспанасына кіре алмай жүр.

Тұрғын үй басқармасының басшысы Әнуар Саиповтың айтуынша, аталған тұрғын дайын, алайда құжаттары толық рәсімделіп бітпеген. 

«Себебі басқарма Қазақстанның тұрғын үй компаниясымен арадағы келісімге сәйкес, әкімдік жеңілдетілген шартпен пәтер алатын азаматтарды іріктеп тізім жасайды. Басқарма өз тарапынан тиісті міндеттемелерін орындады, ал кілт тапсырғанда нысанның әлі тапсырылып, мемлекеттік тіркеуден өтпегенін ешкім айтпады. Сондықтан кілт табысталды. Тізімге өткен азаматтардың барлығы пәтеріне кіреді. Сәл шыдай тұрыңыздар», - деді ол.

Қазақстанның тұрғын үй компаниясының мәліметінше, аталған нысанды салып жатқан құрылыс компаниясы 2020 жылдың аяғында тапсыру керек болған. 

«Дайын тұрғын үйді тапсыру келісіміне 2020 жылдың маусымында қол қойылды. Оның шартына сәйкес, құрылыс компаниясы 2020 жылдың желтоқсан айында тапсыру керек еді. Қазір 2022  жыл. Тиісті заңнамалармен белгіленген талаптар бар, тұрғын үй соған сәйкес қабылдануы тиіс. Құрылыс компаниясының тарапынан тұрғын үйді тапсыру мерзіміне және т.б. мәселелерге байланысты келісім орындалмай отыр. ҚТК бұл үйді пайдалануға беру туралы акт, техникалық қадағалау туралы сараптама қорытындысы, әр пәтердің техникалық төлқұжаты болмаса бұл үйді қалай қабылдап алады?  Екі жылдан бері біз бұл кешенді қабылдай алмай келеміз. Қазір біз бұл келісім шартының орындалмауына байланысты құжат әзірлеп, прокуратура органына жолдауды көздеп отырмыз», - деді Қазақстанның тұрғын үй компаниясының өкілі. 

Аталған тұрғын үй кешенің салып жатқан компания өкілі құрылыс екі кезек бойынша жүріп жатқанын айтып отыр. Белгілі болғандай бір жер телімінде екі үй салынған. Бірі өткен жылы аяқталған, ал екіншісінің құрылысы әлі жүріп жатыр.  Қазір компания аталған жер телімін бөлу бойынша жұмысты аяқтауға жақын.

«297 отбасының әрқайсысында кемінде 4-5 адамнан бар. мыңға жуық адамды сандалтып қойдыңыздар. Жылдың басында пәтер кілтін алған соң кейбір азаматтар балаларының мектебі мен балабақшасын сол ауданға ауыстырып алды. Кейбірінің баласы енді барады. Конкурс өткен уақыттан бастап бізге  бір айдан соң береді деп 12 рет уәде берді. Әкімдікке барсақ ҚТК кінәлі дейді, оған барсақ тапсырысты орындаушы құрылыс компаниясына жібереді. Бізді мазақ қылып жатқандарыңызды түсінесіздер ме? Жаңа Қазақстан құрамыз дейсіздер. Мына түрлеріңізбен қалай құрасыздар? Келеке ету ғой, мынау. Сіздер ұмытпаңыздар, қаңтар оқиғасы осылай адамдарды теңтіретіп қоюдың нәтижесінде болды. Сіздер сол оқиға болып жатқанда алдап кілт бердіңіздер», - деді Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әртісі Жәнібек Мұсаев.

Бұған қоса театр қызметкерлері аталған пәтерге сеніп басқа мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін жіберіп алғанын айтып отыр. Бұған қоса, тізімге іріктеу жүргізілген кезде өтініш берушілер төлем қабілеттілігін растаған. Алайда қазір олардың кейбірі уақытша жұмыс істеуге жарамсыз, енді бірінің кепіл ретінде тартқан адамы қайтыс болған. Баспана пайдалануға берілген кезде өтініш берушілер қайтадан Қазақстанның тұрғын үй компаниясына өзінің төлем қабілетін растауы тиіс.

Төлем қабілеттігін растау үшін мен жұмыс істеуім керек. Осы пәтерді алу мүмкіндігінен айырылып қалмау үшін 10 айлық баламды балабақшаға беріп, жұмысқа шықтым. Осы пәтерді алу талабына сай болу үшін 10 айлық баланы жекеменшік бақшаға беруге мәжбүр болдым. Халыққа келгенде сіздер заң жүзінде талап ете аласыздар, неге біз сіздерден талап ете алмаймыз? Пәтерге құжат жинағанда мен кепіл ретінде бір адамды тарттым. Қазір ол адам өзі ипотека алды. Енді маған кепіл бола алмайды. Сонда мен не істеуі керек?, - дейді театр қызметкері Әсем Чапайқызы. 

Тұрғын үй басқармасы мен Қазақстанның тұрғын үй компаниясының өкілдері бір айдың ішінде мәселе шешіліп, театр қызметкерлері күткен пәтеріне кіретініне сендірді. Театр қызметкерлерінің бірі маусым айының 12 дейін мәселе шешілмесе пайдалануға берілмеген пәтерге заңсыз көшіп баратынын, енді бірі өзіне қол салатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама