Атырауда қылмыстық топ 100 млн теңгенің электр кабелін ұрлаған
Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Атырауда ұйымдасып ұрлық жасағандар құрықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 қыркүйекте Атырау облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Жылыой ауданының аумағында бағанға ілінген электр кабельдерін жасырын жымқырып жүрген 26 жастағы, 25 жастағы және 24 жастағы аудан тұрғындарын анықтаған. Сондай-ақ 24 жастағы күдіктінің Газель көлігін тінту кезінде 7-8 қыркүйек аралығында жымқырылған, шамамен 4 шақырым жоғары вольтты электр желісінің кабелі тәркіленген.
Күдіктілерден жауап алу барысында олар жасаған әрекеттерін мойындап, ұрланған кабельді Ақтөбе қаласында орналасқан металл қабылдау орталығына тапсырғандарын көрсеткен. Қазір оларға қатысты 16 эпизодты қылмыстық іс басталып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.