Басқарма басшысы себебін түсіндірді
Елордада тұрғын үй кезегінде 46 267 адам бар. Жыл соңына дейін олардың 6-8 мыңы кезектен алынып тастауы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саиповтың мәліметінше, биыл жыл басынан бері қалада 1942 адам тұрғын үй кезегіне тұрған. Сондай-ақ 2975 адам кезектен алынып, 277 тұрғынға несиеге баспана алу кезінде бастапқы жарна ретіндегі көмекке 1,5 млн теңге көлемінде сертификат берілген.
«Биыл 5993 пәтер беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1710-і кредиттік баспана. Осы ретте қаржыландырудың болмауынан екі нысанның келесі жылға қалу қаупі бар. Сондай-ақ жұмыс істейтін жастарға 2194 пәтер беру көзделген, оның тең жартысы мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізудегі қиындықтарға байланысты 2024 жылға қалдырылуы мүмкін. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға 1889 пәтер беру жоспарланды, мұнда да сатып алуға байланысты пәтердің жартысынан көбін беру мәселесі келесі жылға қалу қаупін көріп отырмыз. Астанада екінші жыл қатарынан жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі жастар үшін «Елорда жастары» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл конкурс өткізіп, 200 өтінім іріктелді, қазір «Отбасы банкте» рәсімдеу процессінен өтіп жатыр», - деді ол.
Сондай-ақ басқарма басшысы 2975 адамның тұрғын үй кезегінен не себепті алынғанын түсіндірді.
«Олар – кредиттік немесе арендалық баспана бағдарламасы бойынша пәтер алған азаматтар. Сондай-ақ кейбір азаматтардың өздері кезектен алу туралы өтініш берді. Осы уақытқа дейін жеке мәліметтердің қорғалуына байланысты баспана кезегінде тұрған азаматтардың тізімін тексеруде қиындық болды. Кезектегі азаматтың мәліметін тексеру тетігін басқанда ол азаматқа «жеке мәліметтерін тексеруге келісім бере ме?» деген смс-хабарлама келеді. Кезектегі азаматтардың 99 пайызы бұл хабарламаны елемейді немесе «жоқ» деп жауап береді. Ол келісімсіз тексеріс жүргізілмейді. Жарты жыл бойы мәселені салалық министрліктермен талқылап, бір шешімге келдік. Қазір бізде тізімдегі азаматтардың мәліметтерін түгендеу процесі басталып жатыр. Қажетті мәліметтер жүктеген соң, кезектегі 46 267 адамның барлығын тексеретін боламыз. Толық инвентаризация аясында жыл соңына дейін кезектен 6-8 мыңға жуық адам алынуы мүмкін деп күтіліп отыр», - деді Әнуар Саипов.