Ер адам қызғаныштан Шымкент тұрғынын ұрып өлтірген (ВИДЕО)
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Шымкентте адам өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ізін суытпай қолға түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 12 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында полицияның «102» арнасына көпқабатты үйдің кіреберісінде біреудің жергілікті тұрғынды соққыға жыққаны туралы хабарлама түскен. Шақырту түскен мекенжайға Тұран ауданының полицейлері мен жедел жәрдем барды. Медицина қызметкерлері 35 жастағы азаматтың қайтыс болғанын мәлімдеді.
Жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның бірге тұратын әйелінің бұрынғы сүйіктісі қызғаныш үстінде ұрып-соққанын анықтады. Қарсыласының есінен танып қалғанын байқаған қаскүнем дереу оқиға орнынан қашып кеткен. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің сырт келбеті мен жеке деректері көрсетілген бағдарды алып, оны шұғыл іздеуге кірісті.
Жедел уәкіл Арман Арипжанов қылмыскерлерді іздестіру бойынша өзінің тәжірибесіне сүйене отырып, қашып кеткен адам бірінші кезекте жеке заттары мен құжаттарын алу үшін үйіне барады деп болжады. Күдіктінің Түркістан облысы Леңгір қаласының тұрғыны екендігі және оның автокөлігінің жоқтығын білген жедел уәкіл бірден такси жүргізушілерінің тұрағына барды. Жүргізушілердің бірі іздеудегі ер адамға ұқсас тұлға Alphard көлігіне мініп кеткенін хабарлады. Полиция қызметкері дереу оның ізіне түсіп, көлікті Тоғыс елді мекенінде тоқтатып, ер адамды ұстады.
Ұсталған адам полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі («Абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.