Halyq Uni логотип
×

Көпқабатты үйдің терезесінен жыл сайын 150-ге жуық сәби құлайды - депутат

Заңда жауапкершілікті күшейту керек

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 15:48
Көпқабатты үйдің терезесінен жыл сайын 150-ге жуық сәби құлайды - депутат
фото: parlam.kz

Жыл сайын Қазақстанда балаға қарсы 2 мың қылмыс жасалып, қараусыз қалған 150-ге жуық сәби көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

Президент Жолдауда: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» деп нақты айтты. Өкінішке қарай күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып, жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққы алып жатыр. Бұл қылмыстар елімізде, өз балаларымызға қарсы жасалуда. Халықтың назары мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның пікірінше, қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аудару қажет.

«Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2 мыңға жуық қылмыс жасалады, яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика! Сондай-ақ жыл сайын 4 мыңнан аса бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Президенттің бұл мәселеге араласуы – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді», - деді депутат.

Ол бейкүнә балаға қол көтеріп, қылмыс жасаған азаматтарға «бостандығын шектеу» деген жазаны қолдану тиімсіз деген пікірде.

Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады. Сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның пікірінше, учаскелік инспекторлардың, балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп. Қоғам да бей-жай қарамауы керек.

«Мысалы, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген. Кеше ғана Алматы қаласында 44 жастағы әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл – нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек. Бұл – аксиома. Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен әкімдік алдын-ала төмендегі жұмыстарды істеуі керек деп санайды:

1. Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуге тиіс.
2. Отбасындағы ішімдікке немесе есірткіге салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы керек. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды.
3. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік орган бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс істеуі қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама