Маңғыстау облысында мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеп келген
Олардың бәрі қызметінен босатылды
Маңғыстау облысында 7 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Аталған дерек облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің білім саласына жүргізген мониторингі барысында анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымына сәйкес, жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімдер қызметтен босатылды. Білім басқармасы мұғалімдердің жұмыс кезеңінде алған үстемақыларын мемлекетке қайтару бойынша сотқа талап арызбен жүгінді, – делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар, қазір бір мұғалімге қатысты сот үкімі шығып, ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған айыппұл (20 еселенген айлық есептік көрсеткіш) түріндегі қылмыстық жаза тағайындалды.