Halyq Uni логотип
×

«Долларлап санап бердім»: сотта куәгер Сәдуақас Байғабыловқа ақшаны қалай бергенін айтты

Байғабылов пен Манкеевтің үстінен арызды елдің бұрынғы бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов жазған 

 Айгерім Таубай 12.09.2023 | 13:19
«Долларлап санап бердім»: сотта куәгер Сәдуақас Байғабыловқа ақшаны қалай бергенін айтты
коллаж: Halyq Uni

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелерде басшылық қызмет атқарған Сәдуақас Байғабылов пен Асхат Манкеевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 12 қыркүйекте өткен сот отырысында іс бойынша куәгер пара беруге қатысты жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сәдуақас Байғабыловқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі алаяқтық), Асхат Манкеевке 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 367-бабы 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.

Сотқа Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов пен Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеевпен бірге жұмыс істеген зейнеттегі Аманжол Өтеғалиев куәгер ретінде қатысты. Ол Манкеевтің 2 500 долларды өзі арқылы Байғабыловқа бергенін мәлімдеді.

«2022 жылдың қыркүйегінде Асхат Манкеев телефон арқылы хабарласып, Талдықорғаннан жаңадан құрылған Қонаев қаласына ауысқысы келетінін айтты. Қонаев қаласына ауысу үшін Сәдуақас Байғабыловпен сөйлесуге көмектесуімді сұрады. Байғабыловқа хабарласып, «Манкеевті Алматы облысындағы Ұлттық сараптама орталығына ауыстыруға бола ма?» деп сұрадым. Оның жас екенін, бала-шағасының мектеп оқитынын айттым. Сол себепті Манкеев Алматыға жақын жерде тұрғысы келді. Байғабылов келіссөз жүргізіп, жауабын кейін айтатын болды. Қазанның соңында отбасы жағдайыма байланысты Астанада болдым. Байғабылов пен Манкеевпен сөйлестім. Асхат кешке ұшып келетінін айтты. Бірақ артынан хабарласып, билет бағасының қымбат екенін жеткізді. Оның орнына Байғабыловқа конверт беруімді сұрады. Мен бас тарттым. Ол қоймай, Байғабыловқа арнап 2 500 долларды беріп жіберетінін айтты. Кеше бос болмайтынымды айттым, бірақ ақшаны басқа адамдар әкеліп береді деді. Түнгі 12 шамасында маған бір адам хабарласып, сыртқа шығуымды сұрады. Барып, 2 500 долларды санап алдым», - деді куәгер Аманжол Өтеғалиев.

Айтуынша, ертеңі Сәдуақас Байғабыловпен кездескен. Ақшаны берген кезде бір-біріне сұрақ қоймаған. Ол доллар валютасындағы қаражатты Байғабыловқа санап бергенін жеткізді.

(2023 жылы) Қаңтарда Байғабылов хабарласып, Kaspi шотыма 923 мың теңге аударды. 1 млн теңгеге жеткізіп, ол ақшаны Асхат Манкеевке жіберуімді сұрады. 77 мың теңге қосып, Асхаттың Kaspi шотына 1 млн теңге аудардым. Ақпанда Байғабылов хабарласып, «Асхатты сабырға шақыр, Астанаға келмей-ақ қойсын» деп айтты. Бұл сөзін жеткіздім. Араларында не болғанын білмеймін, - деді куәгер Өтеғалиев.

Бұған дейін Асхат Манкеевтің үстінен арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазғаны белгілі болды. Қиясов қазір денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады. 

Асхат Манкеевтің әкесі Қиясов Ұлттық сараптама орталығына басшы болып келген сәттен бастап Манкеевті қудалағанын айтқан еді. Айтуынша, күдікті Асхат Манкеев пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовтың арасында жанжал болған.

Ерлан Қиясов екеуі егесіп қалған. Қиясов 2022 жылдың қазанында өзіне Асхат Манкеевтің пара бермек болғанын айтып отыр. Алайда арызды 2023 жылдың қаңтарында жазған. Сол арыз бойынша тергеуге алып, Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ұлымды бұрын екі рет сотталды деп көрсеткен, - деген Манкеевтің әкесі Мұрат Кәдірбекұлы.

2023 жылдың 22 тамызында өткен сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты

Серіктес жаңалықтары

Сараптама