Атырауда иесіз иттерді аулауға қатысты тағы бір митинг өтпек
Биыл қалада 285 итті аулауға 8 млн теңге бөлінді
20 мамырдан бастап Атырау қаласында иесіз иттерді аулау басталады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 8 млн теңге бөлінген. Ауланған иттер питомникке орналастырылады. Тапсырыс беруші - Атырау қалалық ветеринария станциясы. Мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз деп танылған мердігер мекеме - Inmarket ЖШС қыркүйекке дейін 285 итті аулауға тиіс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринарлық мониторинг және есептілік бөлімінің басшысы Нұркен Бояров иесіз иттерді жою және аулау жұмыстары ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңының 2022 жылдың 2 наурызында күшіне енуіне байланысты тоқтатылғанын айтты. 20 мамырдан бастап иесіз иттерді аулау жұмыстары қайта қолға алынбақ.
Еске салсақ, былтыр Атырау облысында бұралқы ит-мысықтарды жоюға 47 миллион теңге бөлінсе, оның 25 миллионы қала үлесіне тиген. 2020 жылға дейін қаңғыбас иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келді. Кейін бұл жұмыстарды атқару қалалық ветеринариялық станцияға жүктелді.
Алайда, 2021 жылы жануар қорғаушылар иттердің көзін жоймай, оларды арнайы питомникте ұстауды талап етті. Олардың уәжін ескере отырып, әзірге тұрақты түрде ит атуды тоқтатып, қала тұрғындарынан нақты арыз-шағым түскен жағдайда ғана көзін жою туралы шешім қабылданды.
Ресми ақпаратқа сенсек, былтыр өңірімізде 17 мыңнан астам ит атылған. Бірақ ресми статистика күмән туғызады. Қалада иттер қаптап тұр. Жақында бір топ ана Атырауда иттерді атуды талап етіп, митингіге шыққан болатын. Күні кеше ғана 5 жасар қызды иесіз ит бетін тістеп алып, қыз ауруханаға түсті. Қазір жағдайы қалыпты, үйіне шығарылды.
Биыл бірінші тоқсанда Атырау облысының жарақат таңу бекетіне (травмпункт) жануарлар тістеп алғаннан болған әртүрлі дәрежедегі дене жарақатымен 71 бала түскен. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр дәл осы уақытта 64 жағдай тіркелген. Жалпы, былтыр 18 жасқа дейінгі 398 бала жануарлар тістеп алды деген себеппен медициналық көмекке жүгінген. Осыған байланысты Атырау қалалық әкімдігі барлық ауылдық округтерде де иесіз иттерді аулау жұмыстары ұйымдастырылды.
Айтпақшы, 14 мамырда жануарларды қорғаушылар иттерді атуға қарсы митинг ұйымдастырылмақ. Ал, әкімдік митинг өткізуге рұқсат берген.