Ақмола облысында шаруа қожалығының жұмысшысын өлтіріп кеткен
Ауыр қылмысты жасаған күдікті қамауға алынды
Ақмола облысында шаруа қожалығының жұмысшысын өлтіріп кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 қыркүйекте Бурабай аудандық ПБ-ға жергілікті шаруа қожалықтарының бірінің басшысынан шағым түскен. Кәсіпкер 25 тамыздан бері өз жұмысшыларының бірі хабар-ошарсыз кеткенін айтқан. Мән-жайды анықтаған кезде полицейлер сол күні жоғалған адамның тағы бір жұмысшымен бірге мал бағуға кеткенін анықтады. Алайда ер адамдардың біреуі ғана қайтып оралған.
Жоғалып кету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Іздеу және жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері жоғалған адам ауыр қылмыстың құрбаны болуы мүмкін деген нұсқаны ұсынды. Осы нұсқаны тексеру кезінде полицейлер шаруа қожалығының жоғалған адаммен бірге мал бағуға шыққан азаматтың көп ұзамай жұмыстан шығып, басқа аймаққа кетіп қалғанын анықтады.
Өтініш келіп түскеннен кейін күдікті бір тәулік ішінде елордада ұсталды. Тергеу іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары қылмыстың қалай болғанын анықтады. 25 тамызда жұмыс кезінде ер адамдар арасында жанжал болған. Күдікті 31 жастағы қарсыласына бірнеше рет соққы жасап, артынша оның денесін орман алқабында қалдырып, шаруа қожалығының аумағына қайтып кеткен, – делінген полиция хабарламасында.
Қазір 42 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша жүргізіліп жатыр.