STEM зертхана, робототехника мен телестудия: Қазақстанда жиырмасыншы тірек мектеп жұмысын бастады

Айнұр Шошаева

Биыл 63 тірек мектеп жабдықталады деп жоспарланған

Фото: Әли Оспан

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Осакаров ауылында тірек мектептің таныстырылымын өткізді. Бұл еліміздегі «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жабдықталған 20-мектеп, деп хабарлайды Halyq Uni

Қарағанды облысы Осакаров ауданы Осакаров ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектептің оқушылары үшін жаңа оқу жылы жаңа кабинет пен жаңа оқу әдісімен басталды. Бұл «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды. 

Бүгінде Осакаров ауылында үш мектеп бар. Соның ең көнесі – осы мектеп, оның іргетасы 1932 жылы қаланған. Тек 2015 жылы үш қабатты жаңа ғимаратқа көшірілді. Жалпы сыйымдылығы 600 адамға арналған мектепте қазір 769 оқушы білім алып жатыр, оларды оқытумен 86 мұғалім айналысады.

Ауылдағы білім беруді қолдау туралы айтылғанда ең алдымен тірек мектептерді көтеруді ойлау керек. Былтыр Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде 17 ауылдық тірек мектеп құрдық. НЗМ стандарты бойынша материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық. Сондай-ақ мектепке талдау жүргізіп, мұғалімдер мен оқу орны әкімшілігінің біліктілігін арттырдық. Серіктестеріміз үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетеді. Осылайша оқу үдерісіне деген көзқарасты өзгертіп, жаңа білім беру технологияларын енгіздік. Қазір біз 17 облыста тағы 63 тірек мектепті жаңарту жұмыстарын жалғастырудамыз, – деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Жобаның серіктесі – Назарбаев Зияткерлік мектептері арнайы оқыту бағдарламаларын тегін жүргізетін болады. Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының барлық шығындарын AITAS холдингі өтейді. Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында педагогикалық ұжым мен мектеп басшылығының біліктілігін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Мұғалімдер 5–6 ай бойы оқытудың заманауи әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді. 

2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 63 тірек мектеп жабдықталады деп жоспарланған. 

Aitas Foundation директоры Ксения Вербаның айтуынша,  жоба білім сапасын арттыру, озық педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. 

Төрт жыл бұрын Қазақстанда жобаны бастағанда шамамен 165-168 аудан болса, соның әрқайсысында тірек мектеп пайда болғанын көздедік. Ең бастысы тек мектептерді жабдықтап қоймай, магникттік мектептерге тәжірибемен бөлісу маңызды. Былтыр Қарағанды облысында пилоттық режимде бір тірек мектеп іске қосылды. Келесі жыл соңына дейін өңірдің барлық ауданында тірек мектептер жабдықталатын болады деп жоспарлап отырмыз. Әрі қарай алдымызда тұрған міндет НЗМ-ден әдістеме алып, онлайн дәне оффлайн негізде ауылдық жерлердегі шағын магниттік мектептерге тарату. Тірек мектептердің тәжірибесін әрі қарай тарату маңызды. Бұл тәжірибенің тиімділігі қалай болғанын біз 3-5 жылдан кейін білеміз, - деді Ксения Верба. 

«Жоба аясында мектепке жаңа жиһаз бен техникалар алынды. Мәселен, сурет және қолөнер сыныбына  қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынған. Бастапқы кезеңде 50 бала қатысады деп жоспарланған. Екінші тоқсаннан кейін көбеюі мүмкін. Үйірмелердің барлығы оқушылар үшін тегін болады. Бояу және басқа да материалдар бір оқу жылына жетеді, одан кейін мектеп әкімшілігі өзі сатып алуы керек. Біздің стратегиямыз бойынша оқушылар үшін ештеңе ақылы болмауы керек», - деді жоба жетекшілері. 

Сондай-ақ мектепте ұл және қыз балаларға арналған шеберхана үлгісінде жабдықталған екі еңбек пәнінің сыныбы бар. 

Бұл кабинет заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтатын болсақ, пластик кесетін станок, ағаш жоңу станогы, қайрақ станогы, йодтарды өлшейтін аппарат. Басты құралымыз лазер станогы, ол көптеген бұйымды жасауға мүмкіндік береді. Бұрын балалар ағашты аралап, қолмен кесетін. Қазір кез келген бұйымның нобайын компьютерде сызып алып, осы лазердің көмегімен кесуге болады, - деді еңбек пәнінің мұғалімі Қалқаман Бақытбол

Ал тігін шеберханасында қыздар кесте тоқып, құрақ құрайды. Тігін машинасынан бастап, ине-жіпке дейін алынған. Оқушылар бұған дейін сыныпта бір ғана тігін машинасы болғанын, ал мата мен жіпті әркім өз үйінен әкеліп жүргенін айтты. Олар сабақта тіккен бұйымдарын көрме-жәрмеңкеде сатып, ақша таба алады. 

Сондай-ақ мектепте телестудия да жұмыс істейді. Бұл студия бастапқыда онлайн сабақ үшін ашылған. Осы жерде жазыған сабақтар магниттік мектептерге таратылуы керек. Бұған қоса балалардың шығармашылықпен айналысып, кәсіптік бағдар көрсету мақсатында жұмыс істейді. Бүгінде онда мектеп оқушылары жаңалық жүргізіп үйреніп жатыр. Студия 20-30 оқушыны қабылдай алады. 

Айта кетейік, оқу парталары Қазақстанда жасалған, ал орындықтар Португалиядан алынған. Ол нарықтағы басқа өнімдерден 15-20% қымбат тұрады, бірақ өндіруші өз өніміне 15-20 жылға кепілдік берген.

Сонымен қатар STEM зертханасы – пәнаралық кабинеті бар. Оның негізгі идеясы - химия, биология, физика, информатика мен робототехникада алған білімдерді қолдана отырып, оқушылар өз жобаларын жасайды. Бір аптаның ішінде оқушылар ақылды үй мен жылыжайдың жобасын жасай бастаған. Балалар онда сабақтан тыс уақытта айналысады. 

Ерекше балалардың білім алуына да жағдай жасалған. Бүгінгі күні мектепте 16 ерекше бала бар. Оларға арнайы логопед, деффектолог сыныбы жабдықталды. 

Бұған қоса, кітапхана да жаңартылды. Кітапхана оқу залы мен коворкинг орталық болып екі аймаққа бөлінген. Кітапханашы Нұргүл Әбденованың айтуынша, күн сайын мұнда 20-25 оқушы келеді. 

Кітапхана қорында 90 мыңға жуық кітап бар. Басында көбіне орыс тіліндегі кітаптар болған еді. Қазір көбіне классикалық әдебиеттерді алдық. Сондай-ақ қазақ тіліне аударылған шетел әдебиетін көп алып жатырмыз. Қорымыз толықтырылып жатыр, - деді ол. 

Екі жыл бұрын бұл мектепте робототехника үйірмесі болған. Бірақ көпке жетпей жабылып қалған. Оның себебін мамандар қажетті құралдардың болмағанымен түсіндірді. 

«Қазір соңғы үлгідегі Fischertechnik жинағымен жұмыс істейміз. Ол 10-18 жас аралығындағы балалар жұмыс істей алады. Кішігірім маторикадан бастап күрделі бұйымдарды жасайды. Бұған дейін мұндай бұйым болған емес. Күн сайын 12 оқушыдан қабылдайды», - деді мамандар. 

Мектепте робототехника, STEM зертханасы, телестудия, FabLab, кітапханадан бөлек психолог, дефектолог, мектепке дейінгі дайындық, шахмат кабинеттері, тігін мен тамақтану мәдениеті шеберханасы, АRT-студиясы, спорт жабдықтарымен бірге барлығы 36 бөлме жаңартылды. «Қазақстан халқына» қоры мектепті жабдықтауға 250 млн теңге қаражат бөлді. 

Жоба аясында келесі жылы елімізде тағы 111 тірек мектеп жабдықталып, жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.