Елімізде 11 мыңға жуық адам іздестіріліп жатыр
Сондай-ақ 2 мыңнан аса адам тергеу мен соттан жасырынған
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша қазір 10 мың 748 адам іздестіріліп жатыр. Олардың 2 мың 176-сы – хабар-ошарсыз жоғалғандар.
Жоғалған адамдардың көп бөлігі:
- Алматы қаласы – 287;
- Қарағанды облысы – 221;
- Павлодар облысы – 170;
- Алматы облысы – 167.
Көбінесе 30-49 жас аралығындағы ер адамдар (77%) әртүрлі жағдайларда жоғалады. Үйден кетіп, оралмағандар – 1 мың 634, автокөлікпен жоғалғандар – 74, жұмыстан кетіп оралмағандар – 36 адам.
Сондай-ақ елде тергеу мен соттан жасырынған 2 мың 372 адам іздестіріліп жатыр. Іздестірілуде жүргендер негізінен 31-40 жас аралығындағы (89%) ер адамдар.
Олардың ең көп саны алаяқтық (510), ұрлық (318) және кісі өлтіру (146) дерегі бойынша:
- Алматы қаласында (514);
- Астана қаласында (185);
- Шымкент қаласында (155);
- Алматы облысында (143);
- Қарағанды облысында (140) іздестіріліп жатыр.
Қазақстанда іздестіруді ішкі істер органдары, экономикалық тергеу қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іске асырады.