Колледжде бір уақытта 500-ден астам адам, ЖОО-да екі мыңнан астам адам оқи алады
Елімізде Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Астанадағы Ұлттық спорт университеті арнаулы орта білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі оқытудың толық циклын жүзеге асырады.
Министрліктің хабарлауынша, колледжде бір уақытта 500-ден астам адам, ал жоғары оқу орнында 2 000-нан астам бакалавриат студенті, 60 магистрант және докторант оқи алады.
Қазір бірінші кезектегі нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – көпфункционалды спорт кешені, трибунасы және трубунадан тыс бөлмелері бар стадион, жүзу бассейні, жеңіл атлетика манежі, колледж және 500 орындық колледж жатақханасы. Құрылыстың алғашқы кезеңін 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр, - делінген ақпаратта.
Екінші кезеңде университет ғимаратының құрылысы басталады. Оның аумағында конференц-зал, әкімшілік блок, дәріс залдары, ғылыми-зерттеу орталығы бар кітапхана, асхана және жабық бас аллея болады.
Сонымен қатар студенттерге арналған жатақхана, профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үй және медициналық-оңалту орталығы салынады. Жобаның бұл бөлігі әзірленіп жатыр.
Спорт кешені ұлттық құрама командаларға көркем гимнастика, бокс, таэквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, ескек есу, баскетбол, волейбол, шағын футбол, жеңіл атлетика және жүзу секілді спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарға дайындалуға мүмкіндік береді.