Мәжіліс депутатының баласының бесік арбасын өртеген күдікті ұсталды
Бұған дейін депутаттың ұлына тиесілі бесік арбаны белгісіз біреулердің өртеп жібергені хабарланған
Алматы қаласының полицейлері Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің баласының бесік арбасын өртеп жіберген күдіктіні ұстады. Бұл туралы Мәжіліс депутатының өзі Facebook-тегі парақшасына жазды.
Қаскөй анықталып, ұсталды, – деді депутат.
Алайда ол күдіктінің қалай ұсталғанын айтқан жоқ. Тек баласының арбасын біреулердің тапсырыспен өртеп жіберуі мүмкін екенін ғана жеткізді. Ал бүгін Алматы қаласының ПД жедел-іздестіру кезінде қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді азаматтың ұсталғанын хабарлады.
Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, – делінген полиция мәліметінде.
Бұған дейін Бақытжан Базарбек Алматыда өзінің отбасына тиесілі балалар арбасын белгісіз біреудің үйдің алдында өртеп жібергенін жазған еді. Ол бұл оқиғаны бұрын билікте болған адамдардың ісімен байланыстыратынын жасырмады.
Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын квартирамыздың есігі алдында жағып жіберген. Осылай, ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіріп отырғандай сезінесің! Не болса да тергеу қорытындысын күтейік, – деді депутат.
Қазір бұл құқықбұзушылық ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.