Ақтаудағы балабақшада балалар еденде ұйықтаған

Еркеғали Болатұлы

Облыстық білім басқармасы ол әрекеттің мәжбүрлі түрде жасалғанын мәлімдеді

фото: дереккөз

Әлеуметтік желіде Ақтаудағы балабақшалардың бірінде түсірілген суреттер тарап жатыр. Онда кейбір балалардың төсекте емес, еденде ұйықтағаны көрсетілген. Сондай-ақ бір төсекке бірнеше адамды жатқызған. Бұл туралы lada.kz хабарлады.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, бұл мәжбүрлі түрде жасалған.

Балабақша әкімшілігі түсіндіргендей, бұл шара мәжбүрлі түрде жасалған. Мәселен, биыл 5 қыркүйекте балаларды ұйықтатар алдында тәрбиеші жатын бөлмедегі 3 кереуеттің сынып қалғанын анықтады. Балалардың қауіпсіздігі үшін оларды басқа жерге қоюға мәжбүр болған. Сынған жиһаздар сол күні жаңасына ауыстырылды, - делінген хабарламада.

Айта кетсек, 50 орынға арналған «Бесата» жекеменшік балабақшасы пайдалануға биыл көктемде берілген. Жергілікті білім бөлімі бұған дейін қаладағы мектепке дейінгі мекеменің әкімшілігі мен қызметіне қатысты ескертулер, шағымдар түспегенін айтты. Сондай-ақ басқармада шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан, тексеріс жүргізуге хақысы жоқ екенін де түсіндірді.