Облыстық полиция департаменті мен білім басқармасы оқиғаның болғанын растады
Қызылорда қаласында кәмелеттік жасқа толмаған қызының нәрестесін сатуға әрекет жасаған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Жасөспірім қыз қаладағы дәмханалардың бірінде даяшы болған.
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған оқиғаның болғанын растады.
Осы жылдың 7 қыркүйегінде тіркелген дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 135-бабы 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы дерегі бойынша») қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес, тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді, - деп жазылған департамент хабарламасында.
Оқиғаға байланысты облыстық білім басқармасы түсініктеме беріп, қыз отбасының бақылауға алынғанын жеткізді.
Оқиға тіркелген уақыттан бастап білім бөлімінің қамқоршылық қорғаншылық функциясын іске асыратын орган мамандары бақылауға алды. Оған қатысты тиісті шаралар атқарылды. Бүгінде сәбидің кәмелетке толмаған анасының қолында екендігін жеткіземіз, - деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы.