Бірінші сыныптың тең жартысы орыс тілінде оқиды
Қарағанды облысында 5 885 оқушыға орын тапшылығы бар. 2025 жылға дейін өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған, деп хабарлайды Halyq uni.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі оқушы орынының тапшылығы жалпы көлемнің 3,4 пайызын құрайды. Бұл тапшылықты жою мақсатында Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталды, ол пайдалануға келесі жылы беріледі деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Қарағанды қаласының №101 мектеп-лицейі үш ауысымда жұмыс істейді. Үш ауысымдылықты жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылға Қарағанды қаласының Гүлдер шағын ауданында 300 оқушыға арналған мектеп құрылысын салу жоспарланған, - деді басқарма.
Сондай-ақ өңірде апатты жағдайда үш мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың орнына Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тағы бір – апатты жағдайдағы білім ордасы – Қарағанды қаласындағы №44 мектептің ғимаратына бөлшектеу жұмыстары жүргізуде.
Жаңа оқу жылына 640 педагог тапшылығы бар. Қазіргі уақытта 300-ден аса педагог жұмысқа тұруға тест тапсырып, конкурсқа қатысуға дайын. Бос орындарға конкурстар жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджет есебінен оқыған студент «TeachforQazaqstan» жобасы бойынша 49 маман жұмысқа қабылданады деп күтіліп отыр. Жыл сайын педагогтерге қажеттілік шамамен 500-600 бірлікті құрайды. Мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80-85 пайыз. Қалған сағаттар педагогтерге бөлінеді және аз сағаттармен зейнеткерлер тартылады, - деді басқарма.
Айта кетейік, былтыр облыста 728 педагог тапшы болған, 505 маман жұмысқа қабылданды.
Сонымен қатар биыл Қарағанды облысында 16 875 оқушы бірінші сыныпқа барды. Оның 50 пайызы (8463 оқушы) мемлекеттік тілде оқиды. Өзге ұлт өкілінен 42 бала қазақ сыныбында білім алуға өтініш білдірген.
Барлығы облыс мектептерінде 15 708 мүғалім жұмыс істейді, оның 13 262-сі әйел, 2 446-сы ер адамдар. Ер мұғалімдердің 12-і бастауыш сыныптың мұғалімі.