Біз осымен ел болып, халық болып, күресуіміз керек
Әлеуметтік желіде хиджабтағы әйелдің домбыраны харам заттар қатарына жатқызғаны туралы видеотарады. Аталған уағызға қатысты имам Нұрлан Байжігітұлы пікір білдірді, деп жазды nur.kz.
Ақыркетте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз. Иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Менің домбыра тартқаным YouTube-те жүр. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді, – дейді видеодағы әйел.
Осыған қатысты белгілі имам, Нұрлан қажы Байжігітұлы пікір білдірді.
Жалпы, қазір сондай болып кетті. Кейбір адамдарымыз шектен шығып, дінді теріс түсініп, өзінің ойына салып түсініп, салтымызды, санамызды, талай ғасырдан бері келе жатқан құндылықтарды аяққа таптап, домбыраны арам деп, оған тіл тигізіп жүр. Кезінде Абайды адасқан, Шәкәрімді шатасқан деп те айтты. Содан өттік пе дегенде, шетелдің, басқа да мемлекеттердің, Кавказдың көшеде жүрген уағызшыларын тыңдағаннан туған үлкен қателік бұл. Біз осымен ел болып, халық болып, күресуіміз керек. Жастар болып күресуіміз керек. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтап қалуымыз керек. Домбыра, қырғыздың қомызы – бұл ұлттық аспаптарымыз. Керек десеңіз, діннің насихатталып, имандылықтың таралуына, сабырдың орын алуына, ата-ананы құрметтеуге алып келген бұл аспаптар. Себебі ата-бабаларымыз мұны жырмен, термемен жеткізген. Дәрежесі – ұлық. Сондықтан «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деді имам Нұрлан Байжігітұлы.