Референдум: Конституцияға 56 түзету, бюллетеньде бір ғана сұрақ

Айнұр Шошаева

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша республикалық референдум өтеді

көрнекі фото: phonoteka.org

Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова 5 маусымда өтетін республикалық референдумға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Мәселен, референдум аясында Конституциядағы 33 бапқа 56 түзету енгізілгенімен, қазақстандықтарға бюллетеньде бір ғана сұраққа жауап беру ұсынылып отыр.

33 бапқа барлығы 56 түзету. 56 сұрақ болса, 1 азаматқа 56 бюллетень болуы керек. Барлық түзету, барлық сұрақ бір-бірімен тығыз байланысты, - деп түсіндірді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, бюллетеньде басқа түзетудің мағынасын бұзбас үшін келесі біреуіне дауыс беруге болмайды. Мәселен, Мәжіліске заң қабылдау құқығын беру туралы нормаға дауыс береді, бірақ Сенатқа мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін нормаға дауыс бермейді.

Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді - екеуі де 1995 жылы өткен болатын.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 5 маусымда өтетін референдумға бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.