«Жазықсыз түрмеде отыр»: павлодарлық кәсіпкердің анасы ұлының ісі қайта қаралуын сұрайды

Ербол Тұрымбет

Адвокат Бауыржан Азанов да кәсіпкерге «жала жабылды» деп мәлімдеді

фото: кәсіпкердің анасы Ғалия Тоқбердинова

Павлодарлық кәсіпкер Медет Ахметов 2022 жылдың 17 қарашасында 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Анасының айтуынша, оған қатысты тергеу жүргізген Ақмола облыстық Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті қызметкерлері «мемлекетке 98 млн теңге шығын келтірді, шаруаларға күн сәулесі батареяларын заңсыз жеткізіп берді» деген айып таққан.

Алайда кәсіпкердің анасы Ғалия Тоқбердинова мен оның адвокаты Бауыржан Азанов мұны «жала жабу» деп мәлімдеді. Себебі, шаруалардың ешбірінен арыз түспеген. Бағасын асыра көрсетіп, осынша көлемде шығын келтірді дейін десе, жеткізілген тауар құны мемлекет қойған бағадан төмен және оған аудиторлық сараптама да жасалмаған.

Кәсіпкер ісіне «негіз болған» батареялар шаруаларға 2018-2020 жылдары берілген. Шаруаға тиетін бір топтамасына мемлекет 2,5 млн теңге баға қойған. Ал сатып әкеліп бергендегі құны – 2,4 млн теңге. Сол себепті «бағасын асыра көрсету» дерегі қайдан шыққаны белгісіз.

Медет Ахметов «Алаяқтық» бабымен (190-бап) сотталған. Кәсіпкердің адвокаты Бауыржан Азановтың сөзінше, оған максималды жаза беріліп отыр.

Шаруалардың айтуынша, батареялардың біразы бүгінде қолданыста. Дегенмен құзырлы органдардың талабына байланысты әлі күнге дейін пайдаланбай отырған шаруалар да бар. Оған қоса, шаруалардың кейбірі Антикор қызметкерінің қысымымен Ахметовке «жала жапқанын» мойындап отыр, - дейді адвокат.

Степногорлық «Өнім» шаруа қожалығының иесі Жаңабай Елеусізов күн сәулесі батареяларын 2021 жылдың күзінде қосалқы құралдарымен бірге сатып алған. Алайда, тергеушілер батареяны пайдасына жаратып отырған жерінен алып кеткен.

«Кешкі сағат 18:00 шамасында салып алды да, бүкіл агрегаттарымды көрсет деп далаға алып барды. Шаруашылығымды көрсеттім. Содан сағат 19:00-ден асқанда келдік. Сосын 20:00-ге дейін мені бір сағаттай қинады. «Былай айт, былай айт, Ахметов үкіметті жеді» деп, 150 млн дей ме, 180 млн дей ме, «олай жазып бермесең сені ұрып кетеді, Ахметовтің жанына жабамыз» деді. Жасым 60-тан асқан адаммын, жуырда 66-ға келем. Қатты састым. Олар айтып отырды, мен айтқанын жазып отырдым. Сөйтіп, Медет Ахметовке жала жаптым. Бірақ сотқа келгенде әділін, түзу сөзімді айттым. Қорқытып жаздырғанын айтып бердім. Сол үшін менің үстімнен «жалған куәлік берді» деп іс қозғады», - дейді шаруа.

Қорғалжын ауданындағы «Рамазан» шаруа қожалығының басшысы Дүйсенбай Ахметов те осыған ұқсас жағдай басынан өткенін айтып берді.

Бізге тергеу органдарынан адам келіп, «ақша жепсіздер, заңсыз пайдаланып жатырсыздар» деп, Қорғалжынға шақыртып жатқанын айтты. Сонда біраз тергеу жүргізілді. Біз не үшін болып жатқанын түсінбедік те, барлығы заң жүзінде болғанын, еш шағымымыз жоқ екенін айттық. Содан шыққан соң 1-2 күннен кейін Көкшетаудан заң органдарынан екі жігіт келіп, «заңсыз әкеп берді» дегендей түсініктеме жазуымызды талап етті. Бірақ жала жаппайтынымды айтып, түсініктеме жазып бердім, - дейді ол.

Екі куәгердің айтуынша, шаруалардың бәрі жазықсыз адамның не үшін сотталып жатқанын түсіне алмай отыр. Олардың көбі қазір егін науқаны басталғандықтан Астанадағы баспасөз мәслихатына келе алмаған.

«Ақ жол» партиясының хатшысы, Мәжіліс депутат болған Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, былтыр бес айда прокуратура 100 мың кәсіпкердің құқын қорғауға мәжбүр болған. Экс-депутат 6 жылға бас бостандығынан айырылған павлодарлық кәсіпкердің де жағдайы партия бақылауында болатынын жеткізді.

Кәсіпкердің анасы мен оның адвокаты, баспасөз мәслихатына қатысқан шаруалар 6 жылға бас бостандығынан айырылған Медет Ахметовтың түрмеде жазықсыз отырғанын айтып, құзырлы органдардан істің қайта қаралуын сұрады.