Қазір ауруды екі жыл емдеудің орнына 9-12 ай емдеу ұсынылып отыр
Денсаулық сақтау министрлігі елімізде туберкулез ауруына шалдыққан азаматтардың саны 2 есеге азайғанын хабарлады.
Министрліктің дерегіне қарағанда, соңғы 5 жылда елімізде туберкулез ауруы азайған. Мысалы, 2018 жылы 81 мыңнан аса адам құрт аурумен ауырса, 2022 жылы ол 36 мыңнан аса адамға дейін азайған. Бұл – ауру 55,3% азайған деген сөз.
2023 жылдың 8 айындағы көрсеткіштерді талдаған кезде де туберкулезбен сырқаттанушылықтың азайғанын көруге болады. Мысалы, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру адам саны 1,7%-ға азайған. Бұл еліміз бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетеді. Көптеген дәріге көнбейтін туберкулезді емдеудің жаңа тәсілдері мен әдістері табылып, халық аурудан айығып жатыр, – делінген хабарламада.
Қазір Дүниежүзілік денсаулық ұйымы адамды 2 жыл емдеудің орнына 9-12 ай емдеу жолдарын ұсынып отыр. Туберкулезге қарсы жаңа тиімді препараттар да қолданылуда. Олар – бедаквилин мен деламанид. Елімізде заңнамаға сәйкес туберкулезбен ауыратын пациенттерге психикалық-әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша амбулаториялық ем алатын пациенттердің 95%-дан астамы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.
END TB стратегиясының барлық міндеттемелерін барынша орындау үшін Қазақстан «Қазақстанда ТБ-ны тоқтатайық» Ұлттық әріптестігін дамытуға күш салып жатыр.