Абай облысында 100-ге жуық елді мекен сусыз отыр
Су құбырларының құрылысына бағытталған 47 млрд теңге толық көлемде игерілген
Абай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында халықты сумен жабдықтау саласындағы проблемалық мәселелер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Күн тәртібінде облыс әкіміне өңірді сумен жабдықтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері жеткізілді.
Абай облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов өз сөзінде еріктілердің қатысуымен 166 елді мекенді аралап, оның 93-інде судың жоқтығы анықталғанын атап өтті. Айта кететіні, су құбырларының құрылысына бағытталған 47 млрд теңге толық көлемде игерілген.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мердігерді анықтау, жұмыстарды орындау және қабылдау, мемлекеттік сатып алу шарттарының мерзімдерін ұзарту және сомаларын ұлғайту кезінде байқалады, – деді ол.
Үржар, Ақсуат және Көкпекті аудандарының әкімдері өз баяндамаларында қалпына келтіру жұмыстары басталып, қыркүйек айының соңына дейін аяқталатынын хабарлады.
Облыс әкімі жекелеген нысандар бойынша ішкі аудит пен прокурорлық тексеруге бастамашылдық жасады.
Өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ерікті, қоғам белсендісі Серік Байғалиев әкімдік, құқық қорғау, аудит органдары және қоғам өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрып, аудан әкімдері қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарын бастаған объектілерді бақылауға алуды ұсынды.