Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Сотталушыға химиялық кастрация жасалады
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылындағы 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ сот шешімімен оған химиялық кастрация жасалып, жәбірленуші тарапқа 100 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Марқұмның ата-анасы сот үкімімен келісіп отыр. Алайда, олар бұрын сотталушыға жеңіл жаза кескен судья мен прокурорды жазалауды сұрады.
Еске салайық, Сайдолим Гаийбназаров 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған. 2023 жылдың мамырында Сайдолим Гаийбназаров ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған. Алайда, сот оның жәбірленушімен татуласқанын ескеріп, 3 жылға бас бостандығын шектеу туралы жаза кескен.
Осы оқиғадан кейін Жоғарғы сот заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізіп, Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғады.