Halyq Uni логотип
×

200 шақты үлескер үйін күтіп жүр: Ал құрылыс компаниясының еш құжаты жоқ

Құзырлы органдар да компанияға қатысты іс қозғамаған

 Ербол Тұрымбет 06.09.2023 | 16:08
200 шақты үлескер үйін күтіп жүр: Ал құрылыс компаниясының еш құжаты жоқ
Коллаж: Halyq Uni

Астанада баспанасына қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер қиын жағдайын айтып, «Әділдік жолы» РҚБ-ға жүгініп отыр. «Sirocco Club» ТҚК үлескерлерінің сөзіне қарағанда, 2022 жылдың басында сол ТҚК-мен үлестік құрылысқа шарт жасасқан. Шарт бойынша биылғы ІІ және ІІІ тоқсандарда пәтер кілтін алуы керек еді. Тапсырыс беруші – «Haiyk Stroy» ЖШС.

Алайда үйлердің құрылысы әлі басталмаған. Кейін анықтап білсе, аталған тапсырыс берушінің:

  • құрылысқа рұқсат беру құжаттары;
  • жерді пайдалану құқықтары;
  • үлескерлерді тартуға рұқсаты жоқ болып шығыпты.

Оны білген үлескерлер бүкіл мемлекеттік органға, соның ішінде полицияға да «Sirocco Club» ТҚК қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арызданған. Бірақ құзырлы органдар даудың азаматтық іс тәртібімен қаралатынын, яғни қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, іс қозғамаған.

Оның үстіне, барлығы 4 кезектен тұратын көлемді құрылыстың бірінші кезегі ғана ортасына дейін бой көтерген. Онысы сұрау салған органға «жұмыс жүріп жатыр» деп көрсетуге қойғаны болса керек. Қалған 3 блоктың орны сол күйі бос жатыр.

Ақырында әрқайсы 2,5 млн-нан 13 млн теңгеге дейін салған 200-ге жуық адам уәделі баспанасына қолы жеткізе алмай жүр.

Қоғамдық бірлестік өкілдері Астана қаласы «Нұра» ауданының прокуратурасына жүгінгеннен кейін ғана алаяқтық дерегімен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сол ауданның ЕҚДБ-ға тіркеліп, іс қозғалып отыр.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама