Тұрғындардың айтуынша, аукционға ескертусіз шығарылған үйлердің бәрін бір кәсіпкер сатып алған
Павлодарда жеке сот орындаушыларын айыптаған бір топ азамат наразылық білдірді. Олар «жеке сот орындаушылары, жылжымайтын мүлікті бағалаушы мекемелер мен бір кәсіпкер қылмыстық топ құрып, үйлерімізді тартып алды» деген уәж айтып отыр.
Павлодар қаласында жеке сот орындаушылар қырыққа жуық борышкердің кепілде тұрған баспаналарын 4-5 есеге арзан бағаға сатып жіберген. Бір қызығы, жылжымайтын мүліктің барлығын аукцион арқылы бір ғана кәсіпкер сатып алыпты. Қапыда үйінен айырылған тұрғындар «бұл - сыбайластықтың айқын көрінісі» деп отыр.
Жеке сот орындаушылардың әрекетіне наразылық білдірген ондаған тұрғынның қатарында Ерлан Жакеев те бар. Ол да өзгелер сияқты баспанасының сатылымға шығарылғанын білмей қалғанын айтады.
«Бірнеше сот орындаушы Павлодар қаласының тұрғыны, кәсіпкер Павел Кудиенко есімді азаматпен алдын-ала келісіп, борышкерлердің пәтерлерін тартып алып отырған. Барлығы формальды түрде заңға сай сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бұл - жүйелі қылмыстық әрекет. Тарқатып айтсақ, Павел Кудиенкомен сыбайласып жұмыс істейтін бірнеше сот орындаушы бар. Олар алдымен біз сияқты борышкерлердің автокөліктерін, тұрғын үйлерін заң жүзінде бұғаттайды. Бұдан кейін жылжымайтын мүлікті бағалаушы мекемелер баспанамызды нарықтағы бағасынан төрт-бес есе арзанға бағалап береді. Кейін бізге айтпастан аукцион өткізіп, оны сатып жібереді. Ал барлық жағдайда сатып алушы бір. Ол – Павел Кудиенко. Бұл – жемқорлықтың айқын көрінісі. Барып тұрған бассыздық», - дейді Е.Жакеев.
Екінші топтағы мүгедек Анна Закурпа кәмелетке толмаған баласымен бірге далада қалған. Пәтердің жаңа иесі оны күштеп үйінен шығарып жіберген.
«Менде де дәл осындай жағдай. Банк алдында екі миллион теңге қарызым болған еді. Пәтерім кепілдікте тұрған. Қарызды өтеу қиынға соғып, іске жеке сот орындаушысы араласты. Қысқа уақыт ішінде бір бөлмелі пәтерім аукцион арқылы небәрі екі миллион теңгеге сатылып кетіпті. Одан хабарсыз болдым. Сатып алған адам - Павел Кудиенко есімді азамат. Шағымданбаған жерім жоқ. Облыс әкіміне, облыстық прокуратураға, барлығына шағымдандым. Ешкім көмектесе алмады», - дейді А.Закурпа.
Баспанасынан айырылып қалғандардың бірі - Ақылбек Сіләмов. Жеке сот орындаушы нарықтағы құны кемінде 30 млн теңге болатын екі қабат зәулім үйін бар-жоғы 5 млн теңгеге сатып жіберген. Үйдің жаңа иесі - тағы да сол Павел Кудиенко.
Арыз-шағымын арқалап келген тұрғындардан Павел Кудиенконың телефон нөмірін алдық. Бірнеше күн бойы хабарластық. Қоңырауымызға жауап берген жоқ. Ал облыстағы жеке сот орындаушылар палатасы бұл мәселеге қатысты мардымды жауап бере алмады.
Павлодар қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Юсупова бір адамның бірнеше мәрте аукционға қатысуына заңмен шектеу қойылмағанын айтып отыр. Тек, сатып алушы жеке сот орындаушысының, немесе мүлікті бағалаушының туысы болмауға тиіс.
Баспанасыз қалған тұрғындар бірнеше мәрте сотқа шағымданыпты. Бірақ әлі нәтиже жоқ.
«Өкінішке қарай, еліміздің сотында әділдік жоқ. Меніңше, бұл - жеке сот орындаушы, жылжымайтын мүлікті бағалаушы және сот пен кәсіпкердің біріккен жымысқы әрекеті. Біз жоғарғы сотқа, ел президентіне дейін шағымданамыз. Әділдік болуға тиіс. Әйтпеген жағдайда, Алматының Ақбұлақ ауданындағы қайғылы оқиға Павлодарда да қайталанбасына ешкім кепіл бола алмайды. Баспанасынан айырылған әрбір тұрғын әбден ашынып жүрміз», - дейді Е.Жакеев.
Естеріңізге сала кетейік,былтыр қыркүйек айында Алматы қаласының тұрғыны Игорь Дужнов жеке сот орындаушылардың әрекетіне қарсылық ретінде бес адамды атып өлтірген болатын. Қаза тапқандардың қатарында сотталушының отбасын үйінен шығармақ болған сот орындаушысы, екі полиция қызметкері, баспананың жаңа иесі мен оның өкілі бар еді. И.Дужнов сот шешімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.