Ералы Тоғжанов 2022 жылдың 31 тамызында Ақтөбе облысы әкімі болып тағайындалды
Бүгін, нақты айтсақ, 5 қыркүйек Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысы әкімі қызметінен кетті. Ол әкім болғалы аймақтағы оң өзгеріс аз емес. Тоғжановтың ақтөбеліктердің есінде жақсы басшылардың бірі ретінде қалары сөзсіз. Halyq Uni бұрынғы әкім жұмысын бағалап көрді.
ЕРЕКШЕ ЖОБАЛАР МЕН БІЛІМ САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ
Белгілі саясаттанушы Мақсат Жақау дәл қазір әкім жұмысына баға беру ерте деген пікірде. Дегенмен Ералы Тоғжановтың құрылысы тоқтап қалған нысандардың жұмысын жалғастыруға инвестор тартуы – үлкен жетістік деген ой айтады. Сарапшы аймақ басшысына баға бергенде аймақтың әлеуетін назарға алу қажеттігін еске салды. Мәселен, мектеп директорына қатысты баға үш жылда қалыптасса, университет ректорының жұмысын бес жылдан кейін нақты бағалай аламыз. Сол себепті сарапшы 928 мың халқы бар аймақ басшысының бір жылдық жұмысына дәл қазір баға беру қиындау екенін айтады.
Дегенмен Ералы Тоғжанов қызметке кіріскелі бірқатар мәселенің басы ашылып, облыс күнтәртібінен бірнеше жылдан бері түспеген мәселе шешімін тапты. Аймаққа тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Биылдың өзінде Ақтөбе өңіріне 1 трлн теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланған. Бұл, әлбетте, шебер менеджментті талап етеді. Менің ойымша, бұл облыстың дамуына, экономика мен әлеуметтік жағдайдың реттелуіне жол ашады, - дейді Мақсат Жақау.
Одан бөлек сарапшы әкімнің аймақ бюджетінің 40 пайызын білім саласына бөлуін де ерекше атап өтті.
«Кезінде Сәкен Сейфуллин министр болып тұрғанында республика бюджетінің тең жартысын білім саласына жұмсаған. Бұл – келер ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды сала. Еліміздің басқа аймағында «БІЛІМ-ALL» сияқты аймақтық жоба кездестірмедім. Оны бүгінгі заманның талабына толықтай сай келетін жоба деуге болады. Өйткені жаңа технология, ерекше тәсілдердің нәтижесінде шалғайдағы ауылға жетекші мұғалімдердің сабақ өткізуіне жағдай жасайды. Ақтөбе облысындағы білім сапасы артып, көп ұзамай жақсы жетістікпен қуантарына сенімдімін», - дейді сарапшы.
Мақсат Жақаудың айтуынша, Ералы Тоғжанов әкім болғалы республикадағы көптеген аймаққа, әсіресе батыс облыстарға ортақ проблема – жол мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Олай деуге тас жолдар жағдайын реттеуге бағытталған жалпы құны 528 млрд теңге болатын жоба себеп. Яғни, бұл облыстың жалпы бюджетінің көлемімен шамалас.
«Осының өзінен аймақ басшысының жергілікті халыққа деген жанашырлығын түсінуге болады. Жалпы, аймақтанушы ретінде дәл қазір әкімнің аймақтың жағдайын реттеуге бағытталған жұмысына қатысты нақты баға беру мүмкін емесін айтқым келеді. Оны тек Ақтөбе халқы бағалай алады. Ал сындарлы баға беру үшін былтыр қолға алған жобаларды шегіне жеткізіп аяқтауға уақыт керек. Әкімнің өз сөзіне тұрып, жағдайды өз бақылауында ұстайтынына дәлел болатын жұмыстар атқарылды», - дейді аймақтанушы.
НАҚТЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТКЕН БАСШЫ
Экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев Ералы Тоғжановты кризис менеджерлер қатарына қосуға болатынын айтады. Сарапшының ойынша, Ералы Тоғжанов бұған дейін басқарған Маңғыстау облысы да, Ақтөбе облысы да әлеуметтік, экономикалық, моральдық тұрғыда кризисті аймаққа жатады.
Бұл аймақтарды кез келген саясаткер басқарып кете алмайды. Саяси тәжірибесі мол, халықпен тіл табыса алатын, елдің назарын аударта алатын тұлға қажет. Ұйымдастыра алу қабілеті де маңызды. Ал аталған қасиеттердің барлығы Ералы Тоғжановтың бойында бар. Айтып отырған кризис менеджерлердің бірі ретінде Бердібек Сапарбаевты да айта аламын. Ол да бұл аймақтарды басқарып кетті. Айтқым келгені, ондай саясаткерлер діттеген мақсатына жетпей қоймайды, мәселе толық шешілгенше бақылап отырады, - дейді Сапарбай Жобаев.
Сарапшы Тоғжановтың мақсаты – ақтөбеліктердің көңілінен шығатын жұмыс тындырып, жергілікті билік пен халық арасында көпір болу деген ойын айтады. Ал бұл мақсатына жетуге оның кезінде жүздеген диаспораның басын қосқан Ассамблеяны басқару тәжірибесі, таланты үлес қосты деген пікірде. Сапарбай Жобаевтың ойынша, ақтөбеліктердің көңілінен шығу үшін ашық болу қажет. Ал бұл ашықтықты кей кезде пиғылы теріс журналистер мен блогерлер пайдаланып кететінін де жасырмады. Оның ойынша, әкім ештеңені жасырмағандықтан барынша ашық, пікір, ой алмасуға қашан да дайын. Әлеуметтік желілердегі негатив пікірлер де дұрыс екенін, шенеунік жұмысын дұрыс атқарса, оны талқылайтын халықтың табылуы заңды құбылыс.
«Саясаткердің бақталасы да, дұшпаны да болары анық. Ақтөбе облысының табиғи ресурсқа бай екені бәрімізге белгілі, облысты бөлсе, жеке дара өмір сүріп кетері хақ. Ал халық саны миллионға жақындаған аймақты басқару тіпті оңай емес. Екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Сондықтан ауыс-түйіс болып тұрады. Жұмыс істейтін әкім келгендіктен жұмысқа қабілетті мамандарды талап етеді. Санға байланып отыратын заман емес. Оны Президенттің өзі де айтты. Нақты нәтиже көрсету керек. Тоғжанов саясаткер, менеджер ретінде бұл аймақты басқаруға сақадай сай. Тағы 2-3 жыл басқарса, алға қойылған мақсатының бәрін орындары сөзсіз. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2025 жылға қойған мақсаттарды 2023-24 жылдары да аяқтауы ғажап емес», - деді ол.
ЖЫЛДАР БОЙЫ ШЕШІМІН ТАППАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ
Экономист, сарапшы Бауыржан Искаков Ақтөбе облысын батыстағы көшбасшы аймақ ретінде атады. Сарапшы өңірдің әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштер бойынша көршілес облыстардан алда екенін алға тартады. Бұл ойын республикамыздың барлық аймағында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы мысалында түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы бағдарлама нәтижесінде халықтың ауылдан қалаға жаппай көшуін тоқтата алды. Бағдарлама аясында Ақтөбе облысы қаражатты дұрыс игеру, 2,5%-бен берілетін жеңілдетілген несие көмегімен ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру бойынша жақсы мысал бола алды. Жеңілдетілген несиемен қатар кепілсіз, қиын шартсыз берілетін тауар несиесі де жүзеге асып жатқан көрінеді.
Сарапшының айтуныша, мемлекеттің дамуы – аймақтардың дамуы. Ал аймақтардың дамуы сөз болғанда инфрақұрылымды ұмыт қалдыруға болмайды, соның ішінде газ мәселесі өзекті. Ақтөбеде газ – қордаланған мәселелердің бірі еді. Халықтың жылуға қол жеткізе алмай жүргеніне ондаған жылдар өтті. Сарапшы бүгінде бұл сұрақ та жолға қойылып, 50 жылға дейін халықты газбен қамту жолға қойылғанын баса айтты. Аймақтағы тағы бір елеулі жетістік ретінде ауыл мектептерінде қала деңгейіндегі, тіпті халықаралық стандарттарға сай білім беруге жағдай жасалғанын алға тартты.