Дипломат, спортшы және генерал: жаңадан тағайындалған әкімдер туралы не білеміз
Тоқаев бірнеше өңірдің әкімін ауыстырды
Үкіметтегі ауыс-түйіспен қатар бірнеше өңірдің әкімі де ауысты. Ішінде министр болып, бір ведомство басқаруға тағайындалғандары да бар. Өңірді басқару құқығы берілгендердің арасында бұған дейін облысты басқармаған, ауданда әкім болмағандар да бар.
МҰРАТ ӘЙТЕНОВТІҢ ОРНЫНА ДИПЛОМАТ КЕЛДІ
Шымкент қаласын 2020 жылдан бері басқарған Мұрат Әйтенов қызметінен босатылды. Оның орнына бұл орынға Ғабит Сыздықбеков жайғасты.
Көпшілік Сыздықбековтің кім екеніне, қайда қызмет еткеніне қызығушылық танытып отыр. Halyq Uni жаңа тағайындалған әкімдердің қызмет жолына шолу жасады.
Ғабит Сыздықбеков – 43 жаста. Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясын бітірген. Соған сай еңбек жолын да еліміздің Сыртқы істер министрлігінде 2004 жылы Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі болып бастаған. Министрлікте 2007 жылға дейін қызмет еткен. Содан кейін Сенат аппаратында жұмыс істеген.
Одна кейінгі жылдары қайтадан сыртқы істер саласына келіп, Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы болған.
Өмірбаянында 2012-2017 жылдары Қазақстанның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі болғаны жазылған. Ол кезде Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов болған. Жаңа әкімге қатысты деректерде оның француз тілін білетіні көрсетілген.
Сол қызметінен кейін Ғабит Сыздықбеков Сенат төрағасының кеңесшісі, сенат аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі болды.
Алайда 2019 жылы Сыздықбеков сыртқы істер саласындағы қызметін қайта жалғастырған. Сол жылы Қазақстанның СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып, артынша республиканың Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін 2021 жылға дейін атқарды.
Ал кейінгі екі жылда премьер-министрдің кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болды.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘКІМ БОЛДЫ
Осыдан бір жыл бұрын Ералы Тоғжанов елордадағы қызметінен босатылып, Ақтөбе облысына әкім болды. 2023 жылы өңірді Асхат Шахаров басқаратыны белгілі болды.
Асхат Шахаров – 45 жаста. Ресейдің Орынбор облысына қарасты Ақбұлақ ауылында туған. Шахаров – самбодан 3 мәрте әлем чемпионы, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Оның 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына қатысқаны да белгілі. Содан кейін жаттықтырушы болып жұмыс істеген, кейіннен Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры болған.
Ал басқарушы қызметіне 2013 жылы келген. Басқаруды Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының әкімі болып бастаған. Содан кейін 2017 жылдың шілдесінде БҚО Зеленов ауданының әкімі, 2020 жылы наурызда Ақтөбе қаласының әкімі болған. Бұл қызметті екі жыл атқарған. Алайда оның бұл қызметі коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді.
Ол 2022 жылы қарашадан бастап Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
ҚАРАШӨКЕЕВ ЖАМБЫЛ ӨҢІРІН БАСҚАРАДЫ
Ауыл шаруашылығы министрі болған Ербол Қарашөкеев енді Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарады. Ол ауыл шаруашылығы саласына 2021 жылдан бері басшылық етті. Осы аралықта өзі басқаруға барған Жамбыл облысындағы алты ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Жамбыл облысындағы құрғақшылықтан және Қырғызстаннан келетін су көлемінің аз болуына байланысты 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды. Ол жерде жүгері және қант қызылшасы өсірілген.
2022 жылы Маңғыстау облысында құрғаұшылық кезінде мал қырылды. 2022 жылғы 31 қаңтарындағы жағдай бойынша, ұсақ мал - 363,4 мың бас, жылқы – 113,5 мың бас, түйе - 82,2 мың бас, ірі қара мал - 24,5 мың бас қырылды.
2022 жыл азық-түліктің соңғы жылдары болмаған деңгейде қымбаттауымен есте қалды. Соның ішінде қант бағасы өсіп қана қоймай, кей уақыттары тіпті дүкен сөрелерінен жоғалып кетті. Ұлттық статистика бюросының статистикалық мәліметіне сәйкес, 2021 жылы қант қызылшасының нақтыланған егіс көлемі 14,5 мың гектарды құрады. Ал 2022 жылы қант қызылшасының егіс көлемі 11,6 мың гектарды құраған, яғни егістік көлемі 20 пайыз азайып кеткен.
АҚМОЛАҒА ГЕНЕРАЛ ӘКІМ БОЛДЫ
Ішкі істер министрі қызметінен босатылған Марат Ахметжанов Ақмола облысын басқаратын болды. Ол 2022 жылы министр болған еді.
Қызметінен босатылмай тұрып Ахметжанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік ахуал жөнінде және 30 маусымда өткен ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы мәлімет берді.
Кездесуде ол қылмыс санының азайғаны жөнінде айтты. Марат Ахметжановтың айтуынша, кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы және денсаулыққа ауыр зақым келтіру және басқа да қылмыстар айтарлықтай азайған.
Ахметжанов есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тонна прекурсор тәркіледі.