Halyq Uni логотип
×

«Қысым көрсетіп отыр»: Саяси репрессиядан зардап шегушінің шағымын Жоғарғы сот қанағаттандырмады

Әкімдік өзі берген үйді босатуды талап етіп жатыр

 Ая Өміртай 05.09.2023 | 12:05
«Қысым көрсетіп отыр»: Саяси репрессиядан зардап шегушінің шағымын Жоғарғы сот қанағаттандырмады
Фото: Halyq Uni

Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен Мұқаш Қабдіровтың арызын Жоғарғы сот қанағаттандырмады. Енді 73 жастағы зейнеткер Бас прокуратураға шағымбанбақ ниетте, деп хабарлайды Halyq Uni

29 тамыз күні Астанада Қазақстан Жоғарғы соты Петропавл тұрғыны саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен Мұқаш Қабдіровтың талап-шағымын қанағаттандырмау туралы шешімін жария етті.

Мұқаш Қабдіров – «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі заңымен қуғын-сүргіннен «зардап шегуші» деп танылған. Заңның 1-бабында «адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте саяси қуғын-сүргiндердiң құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шегуші деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, ол шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру ақтау деп түсіндіріледі» деп атап көрсетілген.

Зейнеткердің айтуынша, Петропавл әкімдігі оған 2020 жылы бір бөлмелі пәтер берген. Алайда әкімдіктегілер үйге қатысты қандай да бір келісімшарт жасаспағандықтан, жуық арада үйді босатуды сұрап отыр.

Шешем немістің қызы, 1941 жылы Кавказдан Қазақстанға айдалған. Осында тұрмысқа шығып, мен тудым. 1956 жылға дейін айдалған жерде бірге тұрдық. Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданындағы Аралағаш деген ауыл. Таза қазақ ауылы. Егемендік алғаннан кейін 1993 жылы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданған. Қуғын-сүргін құрбандарының дүние-мүлкі айдалғанда қалды ғой. Соның орнын толтыру үшін жергілікті мекемелерге қазіргі уақытта шамалары келгенше материалдық өтемақы төлеуді ұсынған. Мен үйге мұқтаж болғандықтан баспана сұрап отырмын. Неше бөлмелі пәтер берсе де қарсылық болмауы керек, - дейді Мұқаш Қабдіров Halyq Uni тілшісіне. 

Мұқаш Қабдіров бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотына шағымданып, сот шешімімен екі тарап бейбіт келісімге келген. Оның шарты бойынша «Мұқаш Қабдіровке үш жұмыс күні ішінде тұрғын үй беру туралы шешім шығарылады» деген анықтама қабылданады.

Олар (Петропавл әкімдігі – ред.) арыз негізінде, берілген пәтерді жекешелендіруді негізге алып, 3 бөлмелі пәтер береміз деген келісімге келген еді. Алайда қала әкімінің орынбасары А. Хабибуллин басқаратын комиссия сот шешімін орындамады. СҚО прокуротура қызметі сотқа арыз жазып, өзара келісімге келіп алды. Екі жылдан бері сол үйде тұрып жатқаныммен, қолымда құжат жоқ. Сот шешімі бір жақты болғанша келісімге отырмаймыз деп құжат бермей отыр, - дейді шағымданушы. 

Ал шағымданушының адвокаты Елена Игнатенко түптеп келгенде заң нормасының өзі қарама-қайшылықты, түсініксіз жазылғанын алға тартады. Оның айтуынша, бас прокуратураға арызды қайта қарау бойынша өтініш беретін болады.

Шындап келгенде заң нормасы өте қарама-қайшылықты, түсініксіз жазылған. Әкімдіктің алдымен бір бөлмелі үйді беріп, артынан ойланып қалуы – адамды мазақтау, тіптен қысым көрсету деп білемін. Бізге қалып тұрғаны, бір ғана нұсқа – Бас прокуратураға арызды қайта қарау бойынша өтініш беру. Сот бейбіт келісімдегі мәтінді қанша бұрмалағанымен, ізін жасырып отыр, - дейді адвокат. 

Айта кетелік, 1993 жылы сәуірдің 14-інде жаппай саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Осы Заңның күшi бұрынғы КСР Одағы аумағында саяси қуғын-сүргiндерге тiкелей ұшыраған және қазiргi уақытта Қазақстан азаматы саналатын адамдардың бәрiне қолданылатындығы айтылған.

2020 жылғы 24 қарашада президент Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама