Шұбарши ауылындағы газ тарату станциясындағы жұмыс жоспарлы түрде толық тоқтатылған
Ақтөбе облысындағы үш ауылдың тұрғындары газдың иісіне шағымданып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеше жергілікті уақытпен сағат 20:00 шамасында Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши тұрғындары тарапынан газдың өткір иісі туралы шағымдар түсе бастаған.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Шұбарши ауылындағы газ тарату станциясы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоспарлы түрде толық тоқтатылған.
Ережеге сәйкес газды тоқтатып, ашатын кранды ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстарынан кейін күшті иісі бар «Одорант» деп аталатын газ жіберіледі. Жергілікті тұрғындардың шағымдары түскеннен кейін «Техногаз» ЖШС мамандары Кеңқияқ, Саркөл ауылдарының тұрғын үйлерін аралап шықты. Нәтижесінде газдың таралу деректері анықталған жоқ, – делінген әкімдік хабарламасында.
Алайда Кеңқияқ ауылының ауруханасына 8 тұрғын газбен улану белгілерімен жүгінген. Қазір барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өмірлері мен денсаулықтарына қауіп төнбеген. Басқа зардап шеккендер жоқ.
Осы дерек бойынша экология, СЭС және ТЖД уақтылы хабардар етілді. Жағдай әкімдіктің бақылауында.