Ұлытау облысы қаржы пирамидаларымен қалай күресіп жатыр?

Халық үні

Қаржы пирамидасын басқарған және жарнамалаған екі азаматқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Ұлытау облысанда қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл және халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен сауаттылығын арттыру бойынша ағарту науқаны өтіп жатыр. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу-тексеру департаменті басшысы Ерік Есенов облыс әкімдігіндегі аппарат мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

ИНТЕРНЕТ КЕҢІСТІК БАҚЫЛАУДА

Интернет кеңістігіне жасалған мониторинг нәтижесінде «Кибернадзор» жүйесіне енгізілетін қаржы пирамидалары мен басқа да алаяқтық ұйымдардың белгілері бар сілтемелер анықталады. «Aimap» ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, теріс салдардан қорғау үшін қаржы пирамидалар және басқа да күмәнді белгілері бар аккаунттарға жазылушыларға өтініштер жолдау бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде, - дейді департамент директоры.

Департамент басшысының айтуынша, «Aimap» жүйесі арқылы азаматтарға 7971 хабарлама жіберілді.

«Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне бұғаттау үшін 243 сілтеме енгізілді, оның 138-і қаржы пирамидасы ретінде көрсетілді.

Департаменттің күшімен қаржы пирамида бойынша 2 аумақтық Instagram - аккаунт бұғатталды. МетаГо жобасы бойынша қаржы пирамиданы басқару және оның заңсыз қызметін жарнамалау фактілері бойынша 2 адамға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

ОҚУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕРГЕ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыстың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде елді мекендерде қаржылық қауіпсіздік тақырыптарында дәріс сабақтарын өткізу бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Өңір халқын барынша қамту мақсатында түрлі мекемелердің еңбек ұжымдарында дәріс сабақтары өткізіледі. Биыл облыстың мектептері мен ұйымдарында 100-ден астам дәріс өткізіліп, 5 500-ден астам тыңдаушы қамтылған, өткен жылы 3 000 адамға қажетті ақпарат жеткізілді.

Оқушылар мен студенттерге, сондай-ақ әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлеріне қаржы пирамидалары мен басқа да алаяқтық ұйымдардың қызметіне, сондай-ақ халық арасындағы құмар ойындарға жол бермеуіне қатысты мәселелер түсіндіріледі, - дейді Ерік Есенов.

Ерік Есеновтың мәліметінше, департаменттің бастамасымен облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып «Абайлаңыз, қаржы пирамидасы!» атты сурет байқауы өтті.

Байқау жарияланғаннан кейін бір ай ішінде департаменттің атына облыстың әртүрлі мектептері мен колледждерінің оқушыларынан өздерінің авторлық жұмыстарын ұсына отырып, қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түскен.

Әкімдік мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің шақырылуымен Жезқазған қаласының Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, Жәйрем кентінен және Ұлытау ауданынан байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде өткізілді, - дейді Ерік Есенов. 

Сондай-ақ, өңірдің барлық елді мекендерінде орналасқан мектептердің 5 оқушы белсенді қатысқаны үшін департаменттің алғыс хаттарымен марапатталды. Әр оқушыға дипломдармен және алғыс хаттармен қатар қазіргі жастар арасында өте танымал болып табылатын бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, департамент республикалық арналарда, атап айтқанда, ҚР Президентінің радио кешенінің құрамына кіретін JIBEK JOLY республикалық телеарнасында бейнематериалдар жариялады.

ХАЛЫҚҚА АҒАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Бұдан әрі, алдын алу және халықты ақпараттандыру үшін қалалық Led-экрандарда, ірі сауда үйлерінің экрандарында бейнероликтер көрсетіліп, мектептер мен ұйымдарға арналған QR-коды бар баннерлер әзірленіп, орналастырылды.

Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі әімдіктің ақпараттық жаңалықтар алаңдарында қаржы пирамидалары, олардың алдын алу тәсілдері және оларды тану әдістері бойынша жарияланымдар орналастырылған. 

Сондай-ақ, өңірлік коммуникациялар қызметі мен республикалық радиоарналарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Бұдан бөлек, департамент директорының айтуынша, өңірдегі ірі кинотеатрларда ағарту мақсатында бірқатар бейнематериалдар көрсетілмек.  

Атап айтқанда, Сәтбаев қаласындағы Есентай Cinema кинотеатрының басшылығымен қаржы пирамидалары қызметіне және басқа да алаяқтық жобаларға қатысты тақырыптар бойынша дайындаған профилактикалық бейнероликтердің кинофильм қояр алдында көрсетуге келісілді. 

Сонымен қатар, Kinoplexx ZHEZKAZGAN кинотеатрымен осындай келісімге қол жеткізген болатын және қазіргі уақытта бейнематериалдар аталған кинотеатрдың экранында көрсетіліп отырады.