Ақтауда суши-маркет желісінің басшысы сотталды
Оның әрекеті ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша сараланды
Ақтауда суши-маркет желісінің басшысы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 34 жастағы ер адам Ақтаудағы суши-маркет желісінің басшысы болып жұмыс істеген. Екінші 32 жастағы күдікті оған заңсыз істе көмектескен. Олар психотроптық заттардың партияларын жасырып, есірткіні буып-түю бойынша тапсырмалар мен координаттарды Telegram қосымшасы арқылы алып отырған.
Күдіктілердің тұрғылықты жеріне және компания кеңсесіне жүргізілген тінту кезінде 692 грамм мефедрон синтетикалық препараты табылып, тәркіленді.
Қаскөйлердің әрекеті ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде сатып алуы, сақтауы, тасымалдауы») сараланды, – делінген хабарламада.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі және психотроптық заттарды жасырып кетушілерді 10 жылға бас бостандығынан айырды.