Ауылда 37 жыл бұрын салынған мектеп жалғыз оқушысы қалғанда бір-ақ жабылды

Еркеғали Болатұлы

Қалған балалар мектеп жасына әлі жетпеген

фото: azh.kz

Атырау облысында бір ғана оқушы қалған Кенбай ауылындағы мектеп жабылды, деп хабарлады «Ақжайық» басылымы.

Басылымның жазуынша, облыс орталығынан 128 шақырым жерде, Сағыз округіне қарасты Кенбай ауылында орналасқан бұл бір қабатты мектеп осыдан 37 жыл бұрын салынған. Онда биыл жалғыз-ақ оқушы қалған. Ал ауылдың қалған балалары мектеп жасына әлі жетпеген.

Былтыр екі оқушы оқып шықты. Ал биыл бір оқушы қалғандықтан облыстық білім басқармасының шешімімен мектеп жабылды. Ол оқушы Кенбайдан 60 шақырым жердегі Жамансор ауылындағы бастауыш мектепте оқуын жалғастырады. Жұмыссыз қалған мұғалімдерге Жамансордан және Сағыз ауылындағы мектептерден жұмыс ұсындық, бірақ олардың кейбірі қалаға кетуді жөн санады. Мектептің жабылу құжатын толық рәсімдеген соң, ғимаратын Сағыз округінің балансына бермекпіз, - деді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Анжанова.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудан бойынша 15 орта, 3 бастауыш мектепке 6 354 оқушы барған. Ауданда күрделі күйде тұрған тағы бір мектеп Тасқұдық ауылында орналасқан. Қазір 20 балаға арналған ол мектепте 9-ақ оқушы оқиды.

Есесіне Жамансор ауылындағы 60 балалық бастауыш мектепке оқушылар толық барған. Ауыл адамдарының сұранысына орай, онда замануи талапқа сай 80 орындық негізгі мектептің құрылысын салу үшін сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтіп жатыр.