×

Полицияға шабуыл: Шудағы жанжалға қатысы барлардың екеуі – қыз бала

Шу қаласындағы жанжалға қатысы бар бір азаматқа іздеу жарияланды

 Ұлдана Жұбай 11.05.2022 | 17:34
скриншот: видео

7 мамырда Жамбыл облысы Шу ауданының вокзалында полицейлерге шабуыл жасалғаны хабарланды. Сегізінші аймақтың тәртіп сақшыларын сабаған 8 адам қамауға алынды: екеуі – қыз бала. Вокзал алдындағы бұзақылыққа белсенді қатысқан бір күдіктіге іздеу жарияланды. Әзірге полиция қашқын жайында ақпарат айтпай отыр. Қызуқанды жастар мен тәртіп сақшыларының арасындағы жанжал неден шықты? Соққының астында қалған полицейлердің қазіргі жағдайы қалай? Halyq Uni тілшісі осы және басқа да сұрақтардың жауабын білді.

Белгілі болғандай, Шу қаласының тұрғыны полицейдің жағасынан алған. Адамдар араша түсіп, оқ та атылған. Вокзалдың дәл алдында болған бассыздық тәртіп сақшылары нөмірсіз жүрген көлік иесін тоқтатқан кезде басталған. Ал көліктегілер қос полицейге қарсылық танытып, құжатын көрсетуден бас тартқан.

«Қазір Шуда болған жанжалға қатысты іс қозғалып, оқиғаға қатысқан 8 адам ұсталды. Оның алтауына күзетпен ұстау шарасы қолданылып, бассыздыққа қатысы бар екі қыз үй қамағына алынды. Осы іске қатысы бар тағы бір азаматқа іздеу жарияланды. Ал соққыға жығылған полицейлердің қаншалықты зардап келгенін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды», - дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Ал куәгерлердің айтуынша, сөзге келіп қалған полицей мен көліктегі жас азамат жекпе-жекке шығыпты. Даудың соңы осылай аяқталған-мыс. Енді ұсталған азаматтарға қатысты «билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін қамауға алынуы мүмкін. Ал соққыға жығылған тәртіп сақшылары бұрынғысынша жұмысын атқарып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама