Ұлытау облысында 319 педагог жетіспейді
Бүгінде өңірде 87 білім беру ұйымы бар
Ұлытау облысында үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектеп жоқ, деп хабарлайды Halyq uni.
Бүгінде облыста 87 білім беру ұйымы бар. Білім басқармасының мәліметінше, мектептерде балаға орын тапшылығы жоқ. Алайда биылғы мамыр айындағы есеппен Ұлытау облысының білім беру ұйымдарында 319 педагог жетіспеушілігі бар. Оның ішінде Жаңаарқа ауданының білім беру ұйымдарына 28 педагог, Ұлытау ауданының білім беру ұйымдарына 22 педагог, Қаражал қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына 26, Сәтбаев қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына 85, Жезқазған қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына 140 педагог қажет. Бұл қажеттілікті жою үшін облыстық білім басқармасы республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа шақыру жұмыстары басталды.
ҚР Білім туралы заңына сәйкес, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы білім беру ұйымдарында оқу бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі және ауылдық жердегі білім беру ұйымдарына жұмыс істеуге келген жас мамандарды тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге жәрдемдесетінін атап өтті.
Сондай-ақ 2023-2024 оқу жылында облыс мектептеріне 1-сыныпқа 4350 бала қабылданған. Оның ішінде қазақ сыныбына қабылданған бала саны 3515 (81%). Қазақ сыныпта өзге ұлт өкілдерінің бала саны 26, – деді Білім басқармасында.
Айта кетейік, облыста барлық білім беру ұйымдарында білім алатын әрбір 3 балаға 1 компьютерден келеді. Интернет желісімен 100% қамтылған, өңірдегі барлық елді мекенде бар. Бүгінде өңірде барлығы 3694 педагог бар, оның 2955-і – әйел адам, 739-ы – ер адам. Ер мұғалімдер көбінесе тарих, АӘД, география пәндерінен береді. Ал бастауыш сынып мұғалімдері арасында ер адамдар жоқ.