Алматыда егде жастағы әйелдерді тонап келген жігіт ұсталды
Қолды қылған әшекей бұйымдарды ол қала базарларының бірінде саудалап үлгерген
Алматыда егде жастағы әйелдерді тонаумен айналысқан күдікті қолға түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әуезов аудандық полициясының мәліметінше, 27 жастағы күдікті тек қана егде жастағы әйелдерді тонап келген. Кей жағдайларда ол тапа-тал түсте өзінің арам пиғылын іске асырған.
Ол егде жастағы әйел адамдардың әшекей бұйымдарын ашық түрде тартып алып, ізін жасырып жүрген. Күдікті қамауға алынды. Тергеудің бастапқы кезеңінде осы іспеттес 12 қылмыс жасағаны белгілі болды. Басқа да жәбірленушілер анықталып жатыр. Қолды қылған әшекей бұйымдарды ол қала базарларының бірінде саудалап үлгерген. Қазір ұрланған мүлікті сатып алғандар іздестіріліп жатыр. Олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Әуезов аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.