Ит-мысықты тіркеу, блогерлерге салық, қазақ тілінен емтихан: Қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?

Айнұр Шошаева

1 қыркүйектен бастап балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді

Фото: 24.kz

Бүгіннен бастап Қазақстанның білім беру жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ үй жануарларын міндетті тіркеу,  елімізде онлайн жарнама жасаған блогерлерге салық салу сияқты жаңашылдықтар да бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгіннен бастап білім саласын елеулі өзгерістер күтіп тұр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері үшін қуанышты хабар - 1-қыркүйектен бастап балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі.

Орта білім беру жүйесінде де, бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, 5–8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсыратын болады. Емтихан мемлекеттік стандартқа сәйкес, жазбаша және ауызша нысанда (аудио  (тыңдау), сөйлеу, оқу, жазу) өткізіледі. «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша қорытынды баға емтихан (бес балдық шкала бойынша) және жылдық бағалау (бес балдық шкала бойынша) нәтижелері негізінде 30-дан 70-ке пайыздық қатынаста қойылады.

Сонымен қатар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін ҚР Президентінің «Өркен» білім беру грантын беру қағидалары мен мөлшерлері бекітілді. Грант кешенді тестілеу өткізу арқылы ҚР азаматтарын оқыту үшін конкурстық негізде беріледі. Байқауға 7-9 сынып оқушылары қатыса алады.

Айта кетейік, 7-сыныптарда оқуға қабылдау үшін кешенді тестілеу екі тесттен тұрады. Бірі «Математика», «Сандық сипаттамалар» (сандармен жұмыс істеу дағдыларын және олардың өзара байланысын көру қабілетін анықтау), «Жаратылыстану» бөлімдері бойынша жаратылыстану–математикалық бағыттағы пәндерді оқу қабілетін бағалау бойынша және «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» бөлімдері бойынша тілдік тест. Ал 8-9 сыныптарда кешенді тестілеу  «Математика» бөлімінен, конкурсқа қатысушының таңдауы бойынша «Физика», «Химия», «Биология» бөлімдерінің бірінен, сондай-ақ «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» бөлімдерінен тұрады. Грант мөлшері жатақханада тұруды есептемегенде күнтізбелік жылға 2 150 208 теңге, ал жатақханада тұруды ескере отырып, күнтізбелік жылға 3 036 859 теңге болып бекітілді.

Елімізде сонымен бірге мектеп директорлары мен педагогтарды лауазымдарға тағайындау ережелері жаңартылды.

Енді сыбайлас жемқорлық қылмыс, қылмыстық құқық бұзушылық, педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған кезде кандидат кез келген кезеңде директор лауазымына орналасу конкурсынан шеттетіледі. Конкурстың кезеңдерінің бірі заңнаманы білуге сертификаттау болады. Сертификаттаудан өту кезінде сұрақтар саны 50-ден 48-ге дейін азайды. Осы сұрақтарға жауап беру үшін 180 минут уақыт беріледі.

Айта кетейік, еңбек шартының мерзімі аяқталған соң директор конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін 6 айдан аспайтын мерзімге бірінші басшының міндетін атқарушы тағайындалады, ол еңбек шартына қосымша келісіммен және бұйрықпен ресімделеді. Іріктеуден өткен үміткерлер құзыреттілікті бағалау үшін тестілеуден өтеді (120 минут). Оқыту білім беру бағдарламасы бойынша үш деңгейде жүргізіледі: базалық, озық, кәсіби. Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі.

Кадр резервіне алынған адамдар еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жұмыс берушінің шешіміне сәйкес конкурстық рәсімдерден өтпей мектептердің бірінші басшыларының лауазымына тағайындалады.

ШӘКІРТАҚЫ КӨБЕЙЕДІ

Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы көтеріледі. Соңғы мәлімет бойынша, шәкіртақы көлемі келесідей болады:

  • ЖОО оқитын студенттерге  – 41 898 теңге (қазір стипендия 36 660 теңгені құрайды);
  • педагогикалық бағыттар және «денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша оқитын студенттерге - 67 200 теңге (қазір – 58 800 теңге);
  • интерндерге – 75 890 теңге (қазір - 66 403 теңге);
  • магистранттарға – 97 024 теңге (қазір – 86 987 теңге);
  • «Назарбаев Университеті» магистранттарына – 181 250 теңге (қазір – 162 500 теңге);
  • докторанттар мен «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша докторанттарға - 217 500 теңге (қазір-195 000 теңге);
  • «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттарға -111 579 теңге (қазір – 100 036 теңге);
  • мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына-соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық жалақы деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендия мөлшерінен төмен емес;
  • жұмысшы біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 32 681 теңге (қазір – 21 787 теңге);
  • техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 31 422 теңге (қазір – 20 948 теңге).

ОНЛАЙН ЖАРНАМАҒА  САЛЫҚ

Елімізде 10 қыркүйектен бастап «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң күшіне енеді. Жаңа заң онлайн платформалардың ашық қызмет етуін және ҚР ақпараттық алаңының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ әзірлеушілер онлайн платформалардағы балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпараттан қорғауды мақсат еткен. 

Бұл заңда инфлюенсер (блогер), қоғамдық қоғамдастық модераторы, демеушілік мазмұн, профайлинг, таргеттелген онлайн жарнама және т. б. түсініктері енгізілді. Сонымен қатар бұл заңның нормалары мемлекеттік тілдегі онлайн–платформалар интерфейсін дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, құжатта онлайн–платформаның меншік иесі контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігін жасайды, сондай-ақ контентті қазақ тілінде модерациялауды қамтамасыз етеді. Пайдаланушы онлайн-платформаның иесіне мазмұнға, интерфейске, басқа пайдаланушыларға, онлайн–платформаның әрекеттеріне шағым беруге құқылы екені көрсетілген.

Бұған қоса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жалған ақпаратты орналастырғаны және таратқаны үшін 456-2-бап пайда болды. Онда онлайн платформаларды пайдаланушылардың жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс – әрекет белгілері болмаса, – жеке тұлғаларға-20 АЕК (2023 жылы 69 000 теңге )мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 (103 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 (172 500 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде деп бекітілген.

Ал жалған ақпаратты блогер таратса, жеке тұлғаларға – 30 АЕК (2023 жылы 103 500 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 40 (130 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 (260 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде жаза белгіленіп отыр.

ЕСЕП БЕРЕТІН ПОЛИЦЕЙ

Қазақстандықтардың құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты енгізілген өзгеріс  күшіне еніп жатыр. Мәселен, бұдан былай учаскелік полицейлер халықпен есептік кездесу өткізетін болады. Ондағы мақсат – азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін арттырып, жергілікті қоғамдастық алдындағы ашықтық, жауапкершілік және есептілікті арттыру. Сондай-ақ азаматтарды құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі туралы хабардар ету, құқықтық сауат, қоғамдық бақылау жүйесін дамытуды көздейді. Кездесу кемінде әр тоқсанда кемінде бір рет өткізіледі әрі оған аумақтық полиция органы басшылығының және әкімдік өкілдерінің қатысуға тиіс. Кездесу туралы БАҚ, әлеуметтік желілер, сондай-ақ кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы 10 күн бұрын хабарланатын болады.

Кездесулер тұрғындар үшін ең қолайлы уақытта өткізілет3н болады. Өткізу орны қатысушылардың болжамды санын ескере отырып таңдалады. Климаттық жағдайларды ескере отырып, есептерді ашық жерде, сондай-ақ онлайн форматта жүргізуге рұқсат етіледі.

ИТ-МЫСЫҚТЫ МІНДЕТТІ ТІРКЕУ

1 қыркүйектен бастап еліміздегі ит пен мысықтар міндетті есепке алына бастайды. Оған қоса иелері алақоржын (хомяк), теңіз шошқасы, егеуқұйрықтар, күзенд, тасбақа, маймыл және шиншиллаларды өз еркімен есепке алуға болады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның нормасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар үй жануарларын есепке алуды ұйымдастыруға міндетті.

Үй жануарларын есепке алуды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласында емдеу–профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады. Оларды есепке алу ақылы негізде және егер жануардың иесі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Айта кетейік, есепке алу бұйымдары (құралдарын) бірнеше әдіспен орнатылады. Атап айтқанда болюстарды үй жануарларының асқазан–ішек жолына енгізу арқылы немесе чиптерді тері астына енгізу арқылы орнатылады. Одан басқа білезік, жаға немесе әбзелдер, электрондық белгі, тамырға тигізбестен үй жануарларының құлағының ортасындағы бирка және татуировкалар арқылы болуы мүмкін.

Тіркеуге алынған жануарға жануардың жеке нөмірі болады. Ит-мысығын есепке алу туралы заң нормасын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жаза көзделген. Мысалы, жеке тұлғаларға – 10 АЕК (2023 жылы 34 500 теңге), лауазымды адамдарға-20 (69 000 теңге), заңды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы қолданылады.