Оның ішінде 30-дан аса мектеп апатты жағдайда тұр
Биыл республика бойынша 154 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл 130 мың оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған. Нәтижесінде елдегі 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп жойылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталған. Министр мұның апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін ішінара шешетінін айтты.
Қазір тек қана апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді ғана емес, барлық мектепті «жайлы мектеп» деңгейіне көтеру бағытында модернизациялау мәселесін қолға алып жатырмыз. Биыл 1 700 мектепке пәндік кабинет беріліп, асханалар жөнделді, - деді Бейсембаев.
Сондай-ақ 1 қыркүйекте ел бойынша 55 мың бала жаңа мектепке барған.
Бұл барлық түйткілді мәселенің жуық арада – 3 жылдың көлемінде толыққанды шешілуіне үлкен үлес қосады деп сенеміз. Елдегі үш ауысымды және апатты мектептердің жалпы саны – 200. Оның ішінде 30-дан аса мектеп апатты жағдайда тұр. Мәселе биыл түгел шешіледі дегенді білдірмейді. 2025-2026 жылға дейін шешіледі деп жоспарланған, - деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, Ақмола облысы Қосшы қаласында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасының ашылуына облыс әкімі Ермек Мыржықпаев пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Ермек Мыржықпаевтың айтуынша, облыста екі жылда білім мекемелерін жөндеуге 12 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.