Министр Қарағандыда зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты
Ажар Ғиният медициналық көмек көрсету барысымен танысты
Министр Қарағандыда зардап шеккен балалардың жағдайының жақсарғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ДСМ баспасөз қыметінің мәліметінше, бүгін Қарағандыға жұмыс сапары барысында ведомство басшысы Ажар Ғиният облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығына барып, зардап шеккен балаларға – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне медициналық көмек көрсету барысымен танысқан.
Бүгінде Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан түскен 14 баланың 5-еуі ем алып жатыр. Балалар денсаулығының оң динамикасы бар, естерін біледі. Оларға ерте оңалту жүргізіліп жатыр.
Ажар Ғиният бөлімшелерге барған кезде жас пациенттердің денсаулық жағдайының оң динамикасын атап өтті. Балаларды емдеу тәсілі республикалық мамандар тарапынан үнемі бақыланады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың жағдайына және оларға медициналық көмек көрсетуге тұрақты мониторинг жүргізеді.