Қала іргесінде тұратын халық әкімдік алдына жиналды
Тараз тұрғындары тұрғылықты жер телімдерімен қоса үйлерінен де айырылып қалуы мүмкін. Шаһар іргесіндегі Құмшағал және Шөлдала шағын аудандарының тұрғындары осыны айтып бірнеше мекеме алдына барды.
Қала құрамына 10 жыл бұрын өткен Шөлдала ауылы тұрғындары жерін даулап отыр. Айтуынша, жерге жауаптылар тұрғындардың телімдеріне құжат бермей қинап келеді екен. Тіпті, тартып алуы мүмкін екендігін айтады. Өйткені оларға билік өкілдері барып, «саяжайдағы жер телімдеріңнің құжаты жоқ, сот арқылы аламыз» деген. Осыдан кейін 20-дан астам адам облыс және қала әкімдігі алдында шу шығарып отыр. Шөлдалалықтар саяжайлардағы жер учаскесі құжаттарының қайта қаралуы әділ түрде өтсін деп талап қойды. Сондай-ақ тұрғындар жер телімдерін саяжай мәртебесінен алқапқа ауыстыра алмай әуре.
«10 соттық жерімде өзім титықтап жүріп салған 2 бөлмелі, 1 дәлізді ғана баспанам бар. Енді көмектесудің орнына «үйлеріңді алып қоямыз» деп бізге қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Сот арқылы алып қоймақшы. Әкіміміз қайда қарап отырған, заң қайда? Телімнің мемлекеттік актісін алайық десек, сотқа жіберіп жатыр. Сондағы бізге айтқаны: «Сотта қаралып, бағаланғаннан кейін, жерлеріңді әкімдіктен қайтып сатып алыңдар!» дейді. Бұл не мазақ, не масқара? Мен мүгедек баламмен қайда барамын? 12 жыл бойы біресе кірпішін, біресе тасын түгендеп зорға бітірген үйімді әкімге де, басқасына да бермеймін», - дейді ашуға булыққан Тараз қаласының тұрғыны Зағипа Төлегенова.
Бүгінде қала құрамына қарайтын Құмшағал, Шөлдала алқаптарында 28 саяжай бар. Ал олардың 23-інде тұратын тұрғындар бірнеше күннен бері қала әкімдігінің есігін күзетіп жүр. Ал жергілікті билік өкілдері 23 саяжайда 5 мыңға тарта телім барын, оның 150-ден астамының иесі жерді құжатсыз, тек «Саяжай кітапшасы» арқылы пайлаланып жүргенін айтады. 400-ге тарта жері телімінің қожайыны хабарсыз кетіп, жерлері қараусыз қалған. Сондықтан алқапқа инфрақұрылым жүргізуге кедергі келтіріп отыр екен. Ал әкімдік өкілдері жер құжаттамасының қайта қаралуынан қорқудың қажеті жоғын айтады. Мұны саяжайларды тұтыну кооперативінен тұрғын үй алқабына ауыстырғанда жүретін заңды зерделеу деп отыр.
«Мен қаланың әкімі ретінде комиссия құрамын. Бұрын сол 10 жыл бұрын, 5 жыл бұрын бізге қалаға қосылмай тұрып соғылып кеткен үйлер болса, оны біз саяжай негізінде заңдастыруға көмектесеміз. Себебі 10 жыл бұрын алдыңыз, тұрып жатсыз. Жеке-жеке осы мәселені қараймыз. Ештеңеден үрейленудің қажеті жоқ. Барлығы заң аясында болады», - дейді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.
Азаматтық кодекстің 240-бабына сәйкес мүліктің меншік иесі болып табылмайтын тұлға ол жерге 5 немесе 7 жыл көлемінде адал қараса, ол мүлікке қожайын құқығын ала алады. Айта кетейік, құжатсыз әрі хабарсыз кеткен жер қожайындарының телімдерін әкімдік сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып, оны кезекте тұрғандарға таратып бермек ниетте.