Математика және бастауыш сынып мұғалімі: Алматы мектептерінде 619 орын бос тұр
Қалада үш ауысымда білім беретін мектептер жоқ
Алматы мектептерінде 27 500 балаға орын жетпейді. Бұл туралы қаланың білім басқармасы Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша оқу орындары тапшылығы – 27 500 орын. Биыл 5 570 орынға лайықталған 11 нысанды іске қосу жоспарланған, оның ішінде 1 қыркүйекке дейін 1 500 орынға лайықталған бір мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 3 150 балаға арналған 6 жекеменшік мектеп ашу жоспарланған, - делінген басқарма ұсынған ақпаратта.
Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 37 100 орынға арналған 22 мектеп салынады деп жоспарланған.
«Алматыда үш ауысымды мектеп жоқ. 2022 жылы бір апатты мектеп (№59) болды. Биыл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды», - делінген ақпаратта.
Қалада бірқатар пән бойынша маман тапшылығы бар. Олар:
- Математика – 103;
- Бастауыш сынып – 93;
- Орыс тілі – 62;
- Информатика – 52;
- Физика – 50;
- Қазақстан тарихы – 47;
- Шет тілі – 42;
- Қазақ тілі – 37;
- Химия – 33;
- Музыка – 32;
- География – 31;
- Биология – 23;
- Дене шынықтыру – 14.