Павлодар облысында әкімдерге ескерту жасалды

Дәурен Ерболат

Оларға айыппұл салынды

Фото: ШҚО ТЖД

Павлодар облысында өрт қауіпсіздігі ережесін елемеген әкімдерге ескерту жасалды. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденов айтты, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Голубовка мен Железин ауылының әкімдеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, елді мекендерге іргелес аумақта уақтылы тазарту жұмыстарын жүргізбегені үшін ескерту жасалды. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Қайрат Шаймарденов Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің басшысына сөгіс жарияланып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ол орман өртін дұрыс сөндірмеген.

Шаймарденовтің айтуынша, облыстық экология департаменті мемлекеттік орман қоры маңында өртке жол бергені үшін 14 ауылдық округтің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 324-бабы бойынша 258 мың теңге айыппұл төлеген.

«Ертіс орманы» резерватында да өрт қауіпсіздігін сақтамаған жауапты басшылар жазаланған.

5 лауазымдық тұлға Шалдай, Жасыбай, Көктерек бөлімшелерінде ағаш кесу орындарын уақтылы тазаламаған әрі рұқсат берілмеген жерлерде от жаққан. Олар 1 млн 776 мың теңге айыппұл төледі, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.