Олар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Көкшетауда әлеуметтік қызмет көрсететін орталық қызметкерлері жалған құжатпен әшкереленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көкшетау қаласының прокуратурасы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ қабілеті шектеулі балалардың құқығын сақтау мәселесі бойынша «Көкшетау қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» РММ қызметіне тексеру жүргізген.
Тексеру барысында орталықтың 6 қызметкерінің жұмысқа орналасу үшін медициналық тексеруден өту кезінде жалған медициналық анықтамаларды пайдаланғаны анықталды.
Осыған байланысты, тексеру материалдары бойынша Көкшетау қаласының прокуратурасы, Көкшетау қаласының полиция басқармасы ҚР ҚК 385-бабының 1-бөлігі («Құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау не мұндай құжатты өткiзу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді дайындау немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген хабарламада.
Құқық бұзушыларға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру ретінде қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.
Қазір тексеру жалғасып жатыр.